2022 жылдың наурыз айындағы ҚР аймақтарындағы инфляциялық үрдістер туралы ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің нақты сектордың мониторингі басқармасының бастығы Игорь Осиповтің түсіндірмесі

2022 жылғы наурызда елде жылдық инфляция жеделдеп, 12,0% (ақпанда – 8,7%) құрады. Аймақтарда жылдық инфляция барлық 17 өңірде жеделдеді.

Ақтөбе облысы (ақпандағы 9,0%-дан наурызда 12,9%-ға дейін) мен Шымкент қаласында (8,5%-дан 12,4%-ға дейін) бұл үрдіс анық байқалды.

Наурызда азық-түлік бағасының өсу қарқыны 15,4%-ға дейін (ақпанда – 10,0%) ұлғайды. Осы топтағы тауарлар бағасының ең жоғары өсімі Ақтөбе облысында (18,5%) тіркелді.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны да 10,9%-ға дейін (ақпанда – 8,6%) ұлғайды. Ең жоғары мән Ақмола облысында (12,4%), ең аз мән Батыс Қазақстан облысында (9,2%) тіркелді.

Ақылы қызмет бағасы наурызда 8,3%-ға өсті (ақпанда – 7,1%), бұл ретте жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары баға – Алматы облысында және Батыс Қазақстан облысында (9,4%-дан), ал біршама төмен – Ақтөбе облысында (5,9%) өсті.

Елде айлық инфляция 3,7% болды, бұл – соңғы 5 жылда (2017-2021 жылдары: 0,6%) наурыздағы бағаның орташа мәнінен жоғары. Өзінің орташа тарихи нормаларына қарағанда, 2022 жылы наурызда баға барлық 17 өңірде өсті. Айлық инфляцияның айтарлықтай өсу қарқыны Шымкент қаласында (4,3%) тіркелді.