Сейсмикалығы жоғары аймақта орналасқан Алматы жақында биылғы жылы екінші ірі жер сілкінісін бастан өткерді. Табиғи апаттың бірден-бір салдары жылжымайтын мүлік нарығындағы елеулі өзгерістер болды. Бұл мақалада біз Қазақстандағы ең ірі хабарландыру сервисі OLX.kz-тің талдау қызметінің деректеріне сүйене отырып, жер сілкінісінің 2024 жылдың наурыз айының бірінші жартысында Алматыдағы пәтерлер мен үйлерге деген сұранысқа қалай әсер еткенін қарастырамыз.
Төменгі қабаттарда ұзақ мерзімді жалға алуға сұраныс
Алматыда 1-3 қабаттағы пәтерлерді ұзақ мерзімді жалға алуға сұраныс өткен аптамен салыстырғанда 2024 жылғы 4-10 наурыз аралығында 51% өскен. Бұған жер асты дүмпулерінің қайталануынан қорқу ықпал етіп отыр – адамдар жер сілкіністерінің қайталануынан қорқады және төменгі қабаттарға көшуді жөн көреді. Сонымен қатар, кейбір, әсіресе ескі үйлерде, жоғарғы қабаттар көбірек зақымданды, бұл олардың жалға алушылар алдындағы тартымсыздығына әсер етті
Егер оның салдары туралы айтатын болсақ, төменгі қабаттағы пәтерлерді жалға алуға деген сұраныс осы пәтерлер бағасының айтарлықтай өсуіне әкелуі мүмкін. 1-3 қабаттарға қатысты дүрлікпенің тағы бір ықтимал нәтижесі ұсыныстар санының төмендеуі болуы мүмкін – құнының өсуіне қарамастан, адамдар бастапқы қабаттарға басымдық беріп, жаңа жалдамалы пәтерлерге белсенді түрде көшіп жатыр.
1-3 қабаттағы пәтерлерді сату
Осындай үрдіс 1-3 қабаттарда орналасқан пәтерлерді сату нарығында да байқалады. 1-3 қабаттағы пәтерлерді сату туралы хабарландыруларға жауаптар саны қарастырылып отырған кезеңде 57% өсті. Мұнда психологиялық фактор маңызды рөл атқарып отыр – көптеген адамдар орын алған жер сілкіністерінен кейін өз отбасыларының қауіпсіздігіне алаңдайтындықтан, жоғарғы қабаттарда өмір сүргісі келмейді.
Бұл жағдайда 1-3 қабаттағы пәтер иелері нарықтағы үлкен сұраныстың себебінен өз мүлкін тиімді сату мүмкіндігін көретіндігін атап өтуге болады. Мысалы, бұрын танымал болмаған бірінші қабаттар сатып алуға қолайлы нысанға айналды. Бұл қабатына байланысты пәтер бағасының құрылымын одан әрі өзгертуге әкелуі мүмкін.
Жер үйлерді жалға беру және сату
Жер сілкінісінен кейін жер үйлерді жалға алуға және сатып алуға сұраныс та өсті. Мәселен, үйлерді жалға алуға деген қызығушылық 45%, ал сатып алуға – 38% өсті. Дүмпулердің қайталануынан қорқу және өз учаскесі бар қауіпсіз баспанаға ие болу бұған басты себеп болып отыр. Көптеген алматылықтардың жеке үйге көшуге деген ұмтылысында көп қабатты ғимараттардан алыс тұруға деген талпыныс маңызды рөл атқарады. Нәтижесінде әсіресе сейсмикалық қауіпсіз деп саналатын аудандардағы жеке үйлерге сұраныстың артуы олардың бағасының өсуіне әкелді.
Ұзақ мерзімді перспективада жер сілкінісінің Алматы қаласының жылжымайтын мүлік нарығына әсері келесі факторларға байланысты болады:
- Егер Алматыда жаңа жер сілкінісі орын алса, бұл төменгі қабаттардағы жеке үйлер мен пәтерлерге сұраныстың одан әрі өсуіне әкелуі мүмкін.
- Алдағы ықтимал катаклизмдер туралы болжамдар мен жаңалықтар да маңызды болады, өйткені жағымсыз ақпарат тараған кезде адамдар жаңа қауіпсіз тұрғын үйлерді белсенді түрде іздейді немесе тіпті қаладан мүлдем көшетін болады.
- Құрылыс нормаларын қатайту ықтималдығы жаңа үйлердің құрылысының қымбаттауына әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне әкелері сөзсіз.
2024 жылғы наурыздың бірінші жартысындағы деректер Алматының жылжымайтын мүлік нарығы жаңа жағдайларға бейімделу сатысында тұрғанын көрсетеді. Ғимараттардың төменгі қабаттарындағы тұрғын үйге сұраныс жалдау және сату сегментінде де айтарлықтай өсті. Жер үйлерді жалға беру мен сатуға сұраныстың артуы да байқалады. Бұл өзгерістер қала тұрғындарының қауіпсіздік мәселелеріне көбірек көңіл бөлетінін және ықтимал табиғи апаттарға анағұрлым төзімді болып көрінетін тұрғын үй түрлерін таңдайтынын көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматыда үй құрылысының күрт азайғаны айтылған еді.