ҚР қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында шағын бизнесті шектен тыс әкімшілік шаралардан қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Қолданылатын шаралар сай болуы үшін және азғантай сома үшін микро және шағын бизнеске қысым жасамау үшін біз салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдерін айтарлықтай өзгертіп жатырмыз», — деді Мәди Такиев.

Негізгі өзгеріс – ден қою шаралары басталатын шекті соманы арттыру. Егер бұған дейін салық берешегі шамамен 26 мың теңгеден немесе 6 АЕК-тен өндіріле бастаған болса, ал әлеуметтік аударымдар бойынша нақты шегі болмаған болса, енді салық берешегі бойынша шектік сома 87 мың теңгеге немесе 20 АЕК-ке дейін, әлеуметтік төлемдер бойынша 26 мың теңгеге немесе 6 АЕК-ке дейін көтеріледі.

Ведомствоның мәліметінше, қазір әлеуметтік төлемдер бойынша берешек сомасының шегі болмағандықтан өндіріп алу шараларына көбінесе шағын бизнес тап болып отыр, борышкерлердің шамамен 72%-ы 6 АЕК-ке дейінгі қарыздары барлар.

Айта кетсек, егер берешек 20 АЕК-ке дейін (2026 жылы — 86,5 мың теңгеге дейін) болса, салық төлеушіге тек хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі. Бұл жағдайда шоттарды бұғаттау сияқты қатаң шаралар қолданылмайды.

Ал қарыз 20-дан 45 АЕК-ке дейін (2026 жылы — 86,5 мыңнан 194,6 мың теңгеге дейін) болса, салық органдары берешекті өтеу туралы хабарлама жіберіп, өсімпұл есептейді. Сонымен қатар банк шоттары мен касса бойынша шығыс операцияларын тоқтатып, инкассалық өкімдер қояды.

Егер қарыз 45 АЕК-тен асса, салық органдары берешекті өндіріп алудың барлық шарасын қолданады. Бұған мүлікті тізімге алу және оны сату, сондай-ақ дебиторлар арқылы қаражатты өндіру шаралары кіреді.

Ал қарызы 27 мың АЕК-тен (116,8 млн теңге) асатын 637 салық төлеуші бар. Олардың жалпы берешегі — 827,2 млрд теңге, яғни бұл топтағы әр адамға орташа есеппен 1,3 млрд теңгеден келеді. Мұндай жағдайда компания басшылары, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар (нотариустар, адвокаттар және т.б.) үшін Қазақстаннан шығуға шектеу қойылуы мүмкін. Бұл шара қарыз үш айдан астам уақыт бойы өтелмеген жағдайда және сот санкциясы болса ғана қолданылады.