2022 жылы инфляция ғаламдық құбылысқа айналды. Ол COVID-19 пандемиясы кезінде әлемдік экономикада қалыптасқан экономикалық және әлеуметтік теңсіздіктердің себебінен орын алған еді. Ал мұндай теңсіздіктерге пандемияның жағымсыз әсерін жұмсартуға бағытталған шаралар: мемлекеттік шығындардың өсуі, сұранысты шектен тыс ынталандыру, левередждің (кредиттік демеушілік) жиналып қалғандығы және нарықтық бәсекелік ортаның бұрмалануы себеп болды.  

Біз биыл жаңа экономикалық циклға: ұзаққа созылған инфляция және әлсіз/теріс өсім кезеңіне аяқ бастық. Екі жағымсыз құбылыстың қатар жүруі стагфляцияның (экономикалық тұралау+инфляция) басталу қаупін тудырады. Бұл экономиканың даму болашағына балта шабады және қосымша қаржылық дағдарыстардың пайда болу ықтималдығын арттырады. 


Жоғарыдағы инфографика әлемдік экономиканың стаглфяцияға бейім болып тұрғанын көрсетеді. Jusan Analytics 2022 жылдың қазан-қараша айларындағы инфляциялық үдерістер және 2022 жылдың қыркүйегінде әлемнің дамыған және дамушы елдеріндегі экономикалық өсімге қатысты жағдай бойынша соңғы деректерді талдап шыққан еді. Бұл іріктемеге әлемнің 70 мемлекеті таңдап алынды. Олардың жалпы экономикасы әлемдік Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 80%-ын құрайды. Оларды орналастыру барысында инфляцияның рұқсат етілген инфляция көрсеткішінен (таргеттен) қаншалықты басып озғаны және ЖІӨ-нің пандемия кезеңін қоспағанда (2020-2021) соңғы 5 жыл ішіндегі ЖІӨ-нің орташа мәнінен қаншалықты ауытқығаны ескерілді. 

 Латвия, Эстония, Молдова, Ресей, Белоруссия және Чилиде стагфляциялық (экономикалық тұралау+инфляция) қауіп күшейді. Бұл елдерде инфляция таргеттен жоғары (2.5 еседен 10 еседен астамға дейін), ал ЖІӨ өсу қарқыны теріс сипатқа ие – рецессияны (экономиканың өсу қарқынының бәсеңдеуі, ЖІӨ-нің 2 тоқсан бойы төмендеуі) білдіреді. Бұл елдердің экономикасы әлемдік ЖІӨ-нің 2.3%-ын құрайды. 

Екінші шеңбердегі Түркия, Албания, Франция, Германия, Чехия және басқа елдердегі инфляцияның қазіргі жағдайы және ЖІӨ өсімінің стагфляцияға өтіп кету қаупі жоғары.  Бұл топ 15 елді біріктіреді. Оларда бағалардың өсуі 2 еседен астамға жоғары, ал экономиканың ағымдағы өсу қарқыны ЖІӨ-нің орташа мәнінен ширек пайыздан астамға төмен. Бұл топқа енетін елдер әлемдік ЖІӨ-нің 9.8%-ын құрайды. 

Үшінші шеңбердегі Үндістан, Швейцария, АҚШ, Қазақстан, Польша, Аустрия және басқа елдерде инфляцияның таргеттен асып кеткендігі және экономикалық өсімнің шамалы бәсеңдегені байқалады. Бұл 19 ел бұған дейінгі топпен салыстырғанда инфляцияның мақсатты деңгейден асқандығымен және ЖІӨ өсу қарқынының шамалы теріс ауытқуымен ерекшеленеді. Бұл елдер әлемдік ЖІӨ-нің 31%-ын құрайды. 

Төртінші шеңбердің Грузия, Италия, Оңтүстік Корея, Канада, Аустралия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения және басқа да елдерінде инфляция таргеттен жоғары, бірақ экономика өсіп жатыр. 30 мемлекеттен тұратын бұл топты ЖІӨ-нің оң өсімі және инфляцияның таргеттен 40%-дан астамға ауытқуы біріктіреді. Бұл елдердегі ағымдағы жағдайдың себептері әрқалай, бірақ экономикалық өсімді тұрақты, біркелкі теңгерімді деп айтуға болмайды. Ішкі және сыртқы жоғары инфляция кезінде монетарлық шектеу шараларымен тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету қиын. 

Айталық, мысалы, Армения мен Қырғызстанда экономиканың өсімі бұған дейінгі жылдардағы өсу қарқынынан әлдеқайда жоғары. Бұған Ресейден түсіп жатқан ақша аударымдары және ресейлік азаматтардың көптеп келуі себеп болуда. Бұл топқа енетін елдер әлемдік ЖІӨ-нің үштен екісін алып жатыр.  

Біздің іріктемеге сондай-ақ әлемнің екінші экономикасы – Қытай (әлемдік экономиканың 18%-дан астамы) да енді. Шеңберге енгізілмеген себебі - бұл бірегей жағдай. Аспан асты елінде бағалардың барысы дефляцияны (тауарлардың мен көрсетілетін қызметтердің арзандауы) көрсетіп жатыр! Ал экономика COVID-19 пандемиясына қарсы нөлдік төзімділік саясаты аясында төмендеуде.  

Бізді алда не күтіп тұр?

Алдағы жыл биылғыға қарағанда күрделі болмақ. Болжам бойынша макроэкономикалық турбуленттілік және геосаяси шиеленіс сақталады және одан әрі жалғасады. Ағымдағы жылы әлемдік экономика үшін негізгі жағымсыз жайт – ол бағаның бет қаратпай, өсіп бара жатқандығы. Әлемнің жетекші экономикаларының орталық банктері «бағаны ауыздықтаймыз» деп жүріп, әлемді стагнация мен инфляцияға әкеп соқтырмаса болғаны. 

Маманның айтуынша, барлық елдер ақша-несие саясатын жаппай қатаңдатуға көше бастаған соң, инфляция тұрақталуы мүмкін. Бірақ елдер «инфляцияға қарсы күресіп жүріп, тұрақтылыққа бет бұру, ақша-несие саясатын жұмсартау сәтін жіберіп алмай ма» деген қорқыныш бар. 

Айта кетелік, кезінде ешбір мемлекет коронадағдарысқа қарсы қолданылған шараларды дер кезінде тоқтата алмап еді. Соның салдарынан бұл уақытша шаралар тұрақты сипатқа ие болып, қазіргі әлемдік жоғары инфляцияның орын алуына түрткі болды. 

Қытай пандемияға қарсы қатаң шаралардан бас тартатын болса немесе эпидемиялық жағдай жақсарса, іскерлік белсенділік қалпына келуі мүмкін.  Бұл жерде Аспан асты елінің экономикасы қалпына келетін болса, бұл кейінге қалдырылып, әбден жиналып қалған сұранысты тудыруы ықтимал. Демек барлық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағалары тағы да қымбаттап кете ме деген қауіп бар.  

Инфляциямен күрес және экономиканы суынып кетуден құтқару – дамушы елдер үшін де маңызды міндет. Алайда дамушы елдер дамыған елдерге қарағанда сыртқы қысымдарға өте бейім келеді. Сондықтан бұл қабылданып жатқан мемлекеттік шаралардың тиімділігін шектейді. Ішкі теңгерімсіздікпен қатар бара-бара күшейіп жатқан борыштық және валюталық тәуекелдер де қысым көрсетеді. Бұл ұзақ мерзімді рецессия ға әкеп соғуы мүмкін.     

Fitch рейтингтік агенттігі 2022 жылдың желтоқсан айының басында 2023 жылы әлемдік ЖІӨ-нің өсімі 1.7%-дан 1.4%-ға түсетіндігі туралы болжам жасады. Ал Goldman Sachs экономистері алдағы 10 жылда ғаламдық өсім жылына 3%-ға дейін бәсеңдейді деп есептейді. Бағаларды қайта санауға экономикалық өсу қарқыны үшін қымбатшылықты тежеу бойынша шаралардың жағымсыз салдары себеп болды. 

Халықаралық валюта қоры «Ғаламдық экономикалық өсім үшін ең үлкен қиындық әлі алда» деген пікірмен толық келіседі. 2023 жылы ғаламдық экономиканың өсу қарқыны 2.7%-дан төмен болады. 

Геосаяси шиеленістердің салдарын жою және нарықтық қатынастарды одан әрі ғаламсыздандыруға қатысты азғырушы әрекеттерге қарсы тұру үшін келісіп, бірлесе әрекет жасау қажет. Рецессиялық апаннан құтылу үшін дағдарысқа қарсы тұра алатын жаңа экономикалық даму моделін жасау керек.

Айжан Әлибекова, Jusan Analytics аға талдаушысы