Қазақстанның реттеушілері АХҚО-да валюталық реттеу және ақпарат алмасу ережелеріне қол қойды, деп хабарлайды АХҚО баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) валюталық реттеу және Қазақстанның қаржы нарығына АХҚО қатысушыларының қол жеткізуі шарттары туралы келісімге келді.
Тиісті бірлескен құжатқа Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Ерболат Досаев, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова және «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов қол қойды.
Валюталық реттеу ережелері АХҚО аумағында валюталық операцияларды жүргізудің шарттары мен тәртіптерін, АХҚО қатысушыларының қаржылық қызметтерді көрсету мәселелерін және олардың Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымына қолжетімділігін белгілейді.
Ережелер АХҚО қатысушыларының Қазақстан резиденттеріне, оның ішінде банк және сақтандыру секторларында, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында ұсына алатын қаржылық қызметтердің тізбесін (21 қызмет тізіміне сілтеме) анықтайды.
Акт 2021 жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енеді.