ҚР Энергетика министрлігі елдің шығысын газдандырудың 2 нұсқасын қарастыруда: Ақтөбе-Рудный газ құбырын салу кезінде өз ресурстарын пайдалана отырып газдандыру және Ресейден газдандыру. Алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме мен келісімшарт талаптары (газ бағасы және т.б.) алғаннан кейін солтүстік-шығыс өңірлерді газдандырудың оңтайлы нұсқасы әзірленетін болады. Бүл туралы энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Абай облысына жұмыс сапары барысында айтылды.
Абай облысында жылу желілері мен көздерін қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жалпы сомасы 23,9 млрд. теңгеге 40 км астам жылу желілері жөнделді.
«Орталық» және «Ғаббасов» қазандықтарын реконструкциялау жұмыстары аяқталуда, бұл қуаттылықты сағатына 40 Гкал жылу энергиясымен арттыруды қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда осы нысандардағы қазандықтардың көпшілігі жылыту маусымының сапалы өтуін 100% қамтамасыз етуге дайын.
Вице-министр облыстың даму перспективаларын ескере отырып, жаңа ЖЭО салу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, оны іске асыру Мемлекет басшысының өткен жылғы 30 қыркүйектегі жұмыс сапары барысында тапсырылғанын атап өтті.
Мәселен, бүгінде «Самұрық-Энерго» АҚ жобаның ТЭН-ін әзірлеуде, оны биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Қатты отынды жағуға және түтін газдарын ластаушы заттардан тазартуға арналған заманауи жабдықты пайдалана отырып, жылу мен электр энергиясын аралас өндірудің тиімді технологиясы негізінде заманауи жылу көзін құру жоспарлануда.
Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Абай облысы бойынша аумақтық департаментіне азаматтардың өтініштерін пысықтап, жұмыс нәтижелері туралы хабарлау тапсырылды.