2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақылардың барлық түрлерінің мөлшері өсті. Бұл 4,4 млн зейнетақы мен жәрдемақы алушыға әсер етеді. Осы мақсаттарға республикалық бюджетте 4,6 трлн теңге қарастырылған.
Базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің жыл сайынғы ұлғаюын ескере отырып, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оның ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% - дан 60% - ға дейін ұлғаюына байланысты артты.
Ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2% - ға артып көтерілді. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін (158,7-ден 189,8 мың теңгеге дейін) ұлғайтылды.
Нәтижесінде бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшері 68,2 мың теңгеден 77,4 мың теңгеге дейін өсті. Зейнетақының өсуі барлық 2,2 миллион зейнеткерге әсер етті.
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты мүгедектік және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін жәрдемақылардың мөлшері де артты.
Айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінің ұлғаюына байланысты тағы да бірқатар жәрдемақылардың мөлшері өсті.
Мәселен, жұмыс істейтін де, жұмыс істемейтін де әйелдерге бала тууға байланысты төленетін мемлекеттік қолдаудың мөлшері енді: бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 131 100 теңге (2022 жылы – 120 840 теңге), төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңгені (2022 жылы - 200 340 теңге) құрайды.
Республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады, оның мөлшері АЕК өсуін ескере отырып, биылдан бастап 8,5% - ға өсті.
Жұмыс істейтін ата-аналар бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алады. 2023 жылдан бастап Президент тапсырмасы бойынша бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.
Мүгедектігі бар балаларды қолдау үшін Қазақстанда кәмелетке толғанға дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2023 жылы 56 794 теңгені (бұрын 52 345 теңге) құрайды.
Жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері АЕК ұлғаюын ескере отырып өсті: 4 баласы бар отбасыларға ай сайын 55 304 теңге (бұрын 50 976 теңге), 5 балаға – 69 138 теңге (бұрын 63 728 теңге), 6 балаға – 82 973 теңге (бұрын 76 479 теңге), 7 балаға – 96 807 теңге (бұрын 89 231 теңге), 8 және одан көп бала болса әр балаға – 13 800 теңгеден (бұрын 12 720 теңге) беріледі.