2023 жыл өзінің айырықша қымбатшылығымен есте қалды. Бұл жылы инфляция ең жоғарғы мәнге жетіп, көпшілікті дүрліктіріп жібере жаздады. Нақтылап айтар болсақ, биыл қаңтар айында 20,7% болған инфляция, ақпанда тіпті 21,3%-ға жетті. Бұл, әрине, үрейленуге жеткілікті себеп еді. Бірақ көпшілік күткендей баға өсімі наурызда жалғасқан жоқ, керісінше 18%-ға дейін төмендеді. Одан кейін біржола төмендеумен болды. Сөйтіп, желтоқсанда инфляция 10,3% болып тіркелді. Әрине, инфляция әлі де қос таңбалы мәннен айыққан жоқ, бірақ әжептәуір құлдырағанын да жоққа шығара алмаймыз.
Базалық мөлшерлеме мен инфляцияның текетіресі
Инфляцияның төмендеуіне не түрткі болды? Бұл ретте бірнеше себепті тізбелеп өтуге болады. Мәселен, геосаяси жағдайдың сәл де болса тұрақтала бастауы. Жаһандық жеткізу тізбектерінің біртіндеп қалпына келуі, мұнай бағасының тұрақтылығы және ара-тұра қымбаттауы отандық нарыққа сырттан келетін қысымды азайтып, ішкі тұрақтылыққа жол ашты.
Десе де негізгі әсер етуші фактордың Ұлттық банк қолданып отырған базалық пайыздық мөлшерлеме деп аталатын құралы екенін айтуға тиіспіз. Қарапайым халықтың қолмен ұстап, көзбен көре алмайтын бұл құралы ішкі нарықтағы ақша айналымын (несие ресурстарының берілуін) азайтып, азаматтардың сатып алуға деген тәбетін төмендетті. Бұл өз кезегінде тауарлар мен қызметтерге деген сұранысты едәуір азайтты. Сұраныс азайған кезде баға өсімінің тоқтайтыны немесе төмендейтіні белгілі.
Ақпанда бет қаратпай тұрған инфляция (21,3%) кезінде базалық мөлшерлеме 16,75% еді. Жалпы, мөлшерлеме 2022 жылдың қазанынан бастап анық көтеріле берді. 2022 жылдың қазанында Ұлттық банк мөлшерлемені 14,5%-дан 16,0%-ға жоғарылатқан еді. 2022 жылдың желтоқсанынан бері бекітілген 16,75% 2023 жылдың 10 шілдесіне дейін сақталды. Кей сарапшылар бұл шешімді сынға да алды, қолдаушылар да табылып жатты. Бірақ жалғыз ақиқат – қымбат инфляция кезінде базалық ставканы мүлде төмендетуге болмайтындығында еді.
Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені тек тамыз айында ғана 16,75-тен 16,50%-ға дейін, 25 пайыздық тармаққа ғана абайлап төмендетті. Өйткені ҰБ басшылығы мен сарапшылары базалық пайызды күрт төмендетіп жіберудің тәуекелі қымбатқа түсіп кетуі мүмкін екенін де жақсы түсінді. Өйткені инфляция әлі бәсеңдемеген еді. Тамыз қорытындысы бойынша, инфляция 13,1% болды. Рас, жыл басындағы деңгейге қарағанда біраз төмендеді, дегенмен қайта өршіп кетем десе де оны ештеңе ұстап тұра алмауы да ықтимал тұғын. Көп жағдайда қара күзден қауіп күттік. Өйткені жаңа оқу жылының басталуы, қысқы дайындық шаралары және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық тарифтерінің көтерілуі секілді факторлар бағаны өсіруге ықпал етуші бірден бір факторлар. Алайда бәрі ойдағыдай болды және қазанда базалық мөлшерлемені 16,0% етіп белгіледі және осы оныншы айда инфляция тағы да бәсеңдеп, 10,8% маңайында тұрақтады.
Қымбатшылық кезінде несиеге ұрынбаған жөн
Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме жөніндегі шешімдері несімен тиімді болды деген сауалға жауап берер болсақ, бірнеше игілікті бөле-жара айтуға болар еді. Мәселен, базалық мөлшерлеменің жоғарылауы ең бірінші кезекте екінші деңгейлі банктерде жинақталған теңгелей депозиттердің өсімін арттырады. Базалық мөлшерлеме неғұрлым жоғары болған сайын депозитке қосылатын сыйлықақы мөлшері де соншалықты мол бола түспек. Азаматтар депозитке ақша салу арқылы ақ айлық табыс тауып отыруға мүмкіндік алады. Екіншіден, базалық мөлшерлеменің жоғарылауы екінші деңгейлі банктердегі несие мөлшерлемесін да жоғарылатады. Соның әсерінен азаматтардың банк табалдырығын аттауы да бәсеңдей түседі. Рас, тұтынушылық несие көрсеткіші бізде өте жоғары және тұрғындар кез келген қажеттілікке бола несие рәсімдеуге дағдыланып та алды. Дегенмен бір уақ несиеден бас тарта тұрудың да пайдасы көп. Өйткені банк берген борыш ай сайын несібеңіздің бір бөлігін жырып кетіп тұрады. Азаматтар несиеге емес, көп жағдайда еткен еңбегіне сүйенеді және табыс табудың басқалай адал жолдарын қарастыра бастайды.
Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені біршама төмендетіп тастады және несие алу қайтадан қолжетімді болып кетті делік. Иә, экономика өсім көрсетуі мүмкін, бірақ айналымда ақшаның шамадан тыс көбеюі инфляцияның қайтадан өрістеп кету тәуекелін туғызады. Бұл орайда, экономикалық және қаржылық шешімдер арасында өзара тепе-теңдік орнауы маңызды.
Мөлшерлеме мен инфляция текетіресі 2024 жылы қалай жалғасады?
2024 жыл биылғыдай қатер мен қауіпке толы бола қоймас деген үміт басым. Бұл құр үміт емес, белгілі бір негізі бар байлам екенін де айталық. Лауазымды тұлғалар мен сарапшылар пікірі, сонымен қатар нарықта қалыптасып отырған ахуал сондай болжам айтуға жетелейді. Сарапшылар пікірінше, егер мемлекеттік шығындарға қатаң бақылау жасалса, соның ішінде Ұлттық қор қаржысын нақты секторға беру бойынша қатаң қадағалау жүргізілсе, онда инфляцияның төмендеуін күте аламыз. Сонымен бірге, мұнайдың әлемдік бағасының да біздің нарығымызға тікелей әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Бұл орайда, қазіргі бағаның сақталуы біз үшін маңызды болар еді. Қазір Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 90 доллардан сәл төмендеп, аздап құбылып тұр. Дегенмен бұл біз үшін қолайлы, жайлы баға. Келер жылы мұнай бағасының кемі 70 доллардан жоғары болуы ішкі нарықта ыңғайлы перспектива қалыптастырады. Әдетте қаңтар мен наурыз аралығында баға өсімі айтарлықтай жоғарыламауы тиіс. Бұл – тыныш кезең. Негізгі өсім көп жағдайда сәуірден кейін басталып жатады.
Мұнай бағасынан бөлек, логистикалық мәселелердің шешімін табуы да инфляцияға тікелей болмаса да, жанама әсерін тигізеді. Нақтылап айтқанда, Қазақстанның мұнай экспортын әртараптандыру саясатының тиімді жүзеге асуы да нарықта қолайлылық тудыруы тиіс. Сонымен қатар қабылданғалы жатқан жаңа салық кодексі, Ұлттық қор қаржысын пайдалану мәселесін біржақты ету, бюджет саясатын оңтайландыру да қымбатшылыққа оп-оңай әсер ете алатын факторлар қатарынан саналады. Мемлекет бұл мәселелерде табанды әрі байыпты шешім қабылдайды деп үміт етеміз. Ал Ұлттық банк өз кезегінде сындарлы ақша-несие саясатын абыроймен жүргізіп келеді және «біз жоғары мөлшерлемеге байланып отырған жоқпыз, оны кез келген сәтте төмендетуге даярмыз, ең бастысы инфляция баяуласа болғаны» дейді олар. ҰБ басшысы Тимур Сүлейменов келер жылы инфляцияның бәсеңдеуінен үмітті екенін аңғартты.
«Біздің қазіргі міндетіміз – инфляцияны жеңу. Мақсатымыз – 2025 жылдың соңында оны 5%-ға дейін түсіру. Бұл экономикалық өсім мен инфляция арасындағы баланстың сақталуын байқатар еді. Біз инфляцияның болғанын, бірақ оның қалыпты өсім шегінде болғанын қалаймыз, 5% деңгейіндегі көрсеткіш халықтың қалтасына ауырлық салмайды және экономикалық өсімге тежеу болмайды. Керісінше, бұл деңгей инвестиция мен шығынды жоспарлауға, тұтыну мен жинақтау арасында тепе-теңдік орнатуға көмектеседі», – деді Тимур Сүлейменов қарашадағы брифингте.
Әлбетте, қымбатшылық кез келген сәтте күш алса, Ұлттық банк әлі де жоғары аймақтан толыққанды жылыстай қоймаған базалық пайыздық мөлшерлемені көтере салуға дайын отыр. Оның өзін әдейі солай істемейтіні түсінікті. Базалық пайыздық мөлшерлемені жоғарылату – қалай болғанда да мәжбүрлі қадам. Бірақ сол жоғарғы мөлшерлеменің өзін біз өз пайдамызға шешіп үйренуіміз керек. Бұл да экономикалық ахуалға бейімделудің бір қыры. Негізі мамандар да, ахуалдың қазіргі өрбу траекториясы да инфляцияның келер жылы да шарықтап кетпейтіндігін меңзейтіндей. Онда кезде базалық мөлшерлеме әлі де төмендей түседі. Тіпті 10%-дан да төмендеп, бір таңбалы мәнге айналуы әбден мүмкін.