14 қыркүйектен бастап тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың деректері келісімсіз тексерілуі мүмкін
14 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтардың деректерін түгендеу тәртібі өзгереді. Жаңа талаптар Банкке азаматтардың дербес деректерін жинау және өңдеу бойынша жеке келісімін алмай-ақ түгендеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұл өзгеріс тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәліметтерін толық тексеріп, кезектілікті өзекті әрі әділ қалыптастыруға бағытталған.
Кезек Банкке берілген 2025 жылғы 24 мамырдан бері азаматтардың деректерін өзектендіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Алайда осы уақытқа дейін дербес деректерді жинау және өңдеу үшін азаматтың келісімі қажет болған. Соның салдарынан кейбір азаматтар келісім бермегендіктен, олардың мәліметтерін толық тексеру мүмкін болмаған.
Нені тексереді?
Банк тұрғын үй есебінде тұрған барлық азаматтарға түгендейді. Оның барысында:
отбасы құрамы;
тұрғын үй жылжымайтын мүлкінің бар-жоғы;
тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұру құқығына әсер ететін басқа да мәліметтер
қайта тексеріліп, өзектендіріледі.
Түгендеудің негізгі мақсаты – тұрғын үй жағдайын жақсартуға шын мәнінде мұқтаж азаматтардың ғана кезекте қалуын қамтамасыз ету.
Егер тексеру кезінде азаматтың тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қою талаптарына сәйкес келмейтін жылжымайтын мүлкі бар екені анықталса, оның деректері заңда белгіленген тәртіппен қаралады. Заңда көрсетілген негіздер болған жағдайда азамат тұрғын үй кезегінен шығарылуы мүмкін.
Кезекте тұрған азаматтарға не істеу керек?
Тұрғын үйге шын мәнінде мұқтаж және белгіленген талаптарға сәйкес келетін азаматтарға түгендеудің басталуына байланысты қосымша әрекет жасаудың қажеті жоқ.
Банк түгендеу нәтижелері мен одан кейінгі өзгерістер туралы азаматтарды заңнамада белгіленген тәртіппен хабардар ететінін мәлімдеді.
Банк бұл жұмыстың мақсаты тұрғын үй кезегін қысқарту емес, есепке алу жүйесін барлық азаматтар үшін неғұрлым нақты, ашық және әділ ету екенін атап өтті.