Tesla Model 3 көліктері мүлде өтпей жатыр

Илон Маск кәсіпорнындағы автотұрақта толып тұрған Тесланың үшінші модельдері сұранысқа ие болмай шықты. 

АҚШ-тың Калифорниядағы, Нью-Джерсидегі, Аризона мен Ютадағы тұрақтардың дронмен түсірілген бейнесінде аталған көліктер толып тұр. Бұл туралы Daily Mail басылымы хабарлап отыр.

Алайда Илон Масктың өзі бар болғаны тұтынушыларға көлікті жеткізуді аздаған қиындықтар туғаны болмаса, көліктің өтімділігі жақсы екенін айтып отыр. Дегенмен, кей сарапшылар оған сенбей, алдағы уақытта компания акциясының құлайтынын болжайды.

Тұтынушылардың көпшілігі көлікті өз уақытымен әкелмей жатқанын алға тартуда. Оған жауап ретінде Илон Маск АҚШ бойынша көлікті тасымалдайтын жүк көліктерінің аздығын айтып ақталды.

Алайда, Америка автотасымалдаушылар қауымдастығы Тесла компаниясына жүк көліктері аздық етіп жатқаны туралы ақпаратты естімегенін айтты. «Өзге компанияларда тасымалдан проблема жоқ», дейді қауымдастық өкілдері.

Қалай дегенде де, алдағы уақытта компанияның өндірісі мен сатылымы туралы ресми мәлімет жарияланады. Сол кезде шындық анықталмақ.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда Илон Масктың өзі компанияның акцияларын жаппай сатып алатынын мәлімдеген еді. Дегенмен, АҚШ-тың құнды қағаздар мен биржа бойынша комиссиясы Маскты компанияның қаржылық жағдайы туралы жалған ақпарат таратты деп қарсы іс қозғаған.

Сонымен қатар, компания акционерлері Масктың Тесла компаниясы басшылығынан кетуін талап еткен еді.

Оқыңыз:   Кәсіпкерлер несиені банктерден емес, шағын қаржы ұйымдарынан ала бастады