Қазір компаниялар табыстың 1%-ын өздері қалаған оқу орны мен зерттеу институттарына аударады. Ал енді бұл қаражатты тікелей бюджетке аударатын болады.

Қазақстанда 2024 жылға қарай жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) міндетті шығындарын толығымен орталықтандыру жоспарлануда, олар республикалық бюджетке тікелей түсетін болады. Алдын ала есептеулер бойынша, бұл қазақстандық ғылымды қаржыландыруды жыл сайын 25%-ға арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚР ЭМ баспасөз қызметі.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске сәйкес Қазақстандағы жер қойнауын пайдаланушылар өндіруге жұмсалған өз шығындарының 1%-н ҒЗТКЖ-ға бөлуге міндетті. Бүгінде компаниялар қаржыландыру үшін аккредиттелген ғылыми институттарды немесе дербес білім беру ұйымдарын өз бетінше таңдай алады.

Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылар ҒЗТКЖ қаражатын TechGarden АКФ-қа (ЦДИАӨМ құрылымы) аударуға, сондай-ақ бұл ақшаны цифрландыруды дамытуға жіберуге құқылы. Осылайша, мысалы, олар геологиялық-физикалық зерттеу әдістері, кәсіптік жабдықтар, флюидтердің динамикасы мен дайындығын реттеу, кен орны мен ұңғыманы игеруді басқару, еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау, кен орындарын цифрландыру саласындағы 74 басым салалық бағыт бойынша ғылыми зерттеулерді қаржыландырды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін Үкімет өндіруші компаниялардың ғылыми-инновациялық қызметті дамытуға арналған міндетті шығыстарын орталықтандыруды жоспарлап отыр. «Ғылым туралы» Заңға, сондай-ақ «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске және т.б. түзетулер енгізу жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта Үкіметте «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен тиісті ведомствоаралық комиссия құрылды.

Жол картасының жобасына сәйкес жеке бюджеттік бағдарлама құрумен республикалық бюджет арқылы жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ға аударымдарын орталықтандыруға кезең-кезеңмен көшу көзделеді  (2022 жылы - 50%, 2023 жылы - 75%, 2024 жылы - 100%). Осылайша, мемлекет алынған қаржыландыруды Қазақстандағы ғылыми қызметке өзі бөлетін болады.

Өндіруші компаниялардың қаражатына үміткер жобалар мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өтеді. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия бекітетін жалпыұлттық ғылыми басымдықтарға сәйкес келетін бағыттар қолдау табатын болады.

Жаңа тетікті енгізу ғылымды жыл сайынғы қаржыландыруды 25%-ға ұлғайтуға, жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми қызметті дамытуға аударымдарының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді, ҒЗТКЖ жобаларын мемлекеттік есепке қояды және олардың тұрақты мониторингін қамтамасыз етеді деп болжануда. Нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатына ұжымдық пайдаланудағы 15 ғылыми зертхана және отандық жоғары оқу орындарының базасында 10 ғылыми-зерттеу орталығын құру жоспарлануда.