Үкімет отырысында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 26 қаңтардағы кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың берген тапсырмасына сәйкес, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленді. Ұлттық жоба халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Ұлттық жоба 4 негізгі бағытты қамтиды», - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.
Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» атты бірінші бағыт атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді. Бұл бағыт аясында 5 жылдың ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындыларды 20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинауға арналған 8 мыңнан астам контейнер орнату, сондай-ақ олардың үлесі мен кәдеге жаратылуын 18%-дан 34% -ға дейін ұлғайту жоспарлануда.
«Су объектілерінің экожүйесін сақтау бөлігінде «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. Балқаш көлінің бассейнінде орналасқан өзендердің су көлемі мен өткізу қабілетін ұлғайту шаралары қарастырылған», - деді министр.
Екінші бағыт «Үнемді Қазақстан» аясында суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыруміндеті аясында 401 арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарлануда. Ұлттық жобада суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары қарастырылған.
«Табиғат» бағыты аясында ұласып өсуі кемінде 65%-ды құрайтын 2 млрд ағаш отырғызу, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру шараларын жүргізу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру көзделіп отыр. «Экология болашағы» атты төртінші бағыт халықтың экологиялық білімі мен мәдениеті деңгейін арттыруға бағытталған. Ұлттық жобаны іске асыру халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту, көлдердің суы сапасын жақсарту, сондай-ақ суару кезіндегі ысырапты азайту мүмкіндігін беретін болады», - деді ведомство басшысы.