Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Kaspi акционері Вячеслав Кимге First Heartland Jusan Bank (Jusan Bank) акционерлік қоғамының ірі қатысушысы мәртебесін алуға келісім берді, деп растады Jusan Bank баспасөз қызметі.
Агенттік тиісті қаулыны қабылдады.
Бұған дейін Jusan Bank өз атауын «Alatau City Bank» АҚ деп өзгерту туралы шешім қабылдағанын хабарлаған болатын. Заңды түрде банктің атауы мемлекеттік қайта тіркеуден өткен күннен бастап өзгереді.
Бұған дейін Вячеслав Ким бір ұлттық инвестордың Alatau City Bank-ке 1 млрд долларға дейін инвестиция салатынын айтты.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мамыр айының соңына дейін Кимнің осы банкті сатып алу туралы өтінішін қарауды жоспарлап отыр. Бұл туралы агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова айтты.
Әбілқасымова Кимнің банкті сатып алу туралы өтінішін қарау мерзімі 9 маусымда аяқталатынын атап өтті.
Ақпан айында Kaspi.kz акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким агенттікке Jusan Bank акцияларының 97,5% сатып алу туралы өтініш бергенін хабарлады. Содан кейін кәсіпкер бұл мәміленің Kaspi-ге еш қатысы жоқ екенін атап өтті.
Мамырдың 28-і күні Jusan Bank атауын Alatau City Bank деп өзгертіп жатқаны белгілі болды. Банк жарғысына тиісті өзгерістер 2025 жылғы 15 мамырдағы акционерлердің жылдық жалпы жиналысының шешімімен енгізілді.
Сонымен қатар, осы жиналыста банк 2024 жылғы пайдадан дивиденд төлемейтінін жариялады. Банк акционерлері төртінші жыл қатарынан дивидендсіз қалды.