Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 15,25 пайыздан 14,75 пайызға түсіруге шешім қабылдады. Сөйтіп, 50 базистік тармаққа төмендетті. Көпшілік әуелден ақ осы жолғы отырыста базалық мөлшерлеме төмендейді деп күтті, дегенмен біразы бәлкім 0,25 базистік тармаққа ғана төмендетер деп болжаған еді. Алайда Ұлттық банк біршама шешімтал қадамға барды және осы арқылы елдегі инфляциялық ахуалдың біршама саябырсығанын көрсетті.
Мөлшерлемені төмендетуге не себеп болды? Әлбетте, жалғыз фактор болмайды. Фактор көп және олардың әсер ету траекториясы да әр алуан деңгейде қалыптасады. Ұлттық банк осы жолы жалғасып келе жатқан жылдық инфляцияның төмендеу үрдісіне, үш ай қатарынан баяулап келе жатқан инфляциялық күтулерге сенім арта отырып, шешім шығарды. Сонымен қатар әлемдік азық-түлік бағасында төмендеу үрдісі жалғасып, сыртқы инфляциялық жағдайға оң әсерін тигізіп отыр.
Ұлттық банктің бұл жолғы шешімі өзінің бастауын әріден алатын тарихи көрсеткіштермен сабақтасып жатыр десек артық айтпаймыз. Пандемия дауылы соққаннан кейін, одан соң геосаяси түйткіл басталғалы жалпы әлемдегі, тиісінше біздегі қымбатшылық асқынып кетті. Инфляция рекордтық мәнге дейін барып, 2023 жылдың ақпанында 21,03 пайызға жетті. Бұл әрине, аса ауқымды, салдары қарапайым халыққа тым ауыр тиетін меже еді. Сол кездерден бастап Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені өсіріп, қатаң ақша-несие саясатын ұстана бастады. Біз тек оның шырқау шегіне жеткен мезгіліне мән беріп отырмыз ғой, әйтпесе инфляцияның қымбаттауы бұдан бұрынырақ басталған. Нақтырақ айтқанда, 2022 жылдың қаңтарынан бері. Сол айда 8,5 пайыз болды және одан кейін тұрақты түрде өсу жолына түсті. 2022 жылдың ортасында инфляция 14 пайызға дейін жеделдеді. Бұл кездерде Ұлттық банк те базалық ставканы жоғарылатуға біржола көшіп алды. 2022 жылдың соңында базалық мөлшерлеме 16,75 пайыз болып бекіді. Бұған дейін базалық көрсеткішпен біраз уақыт қатарласып, иық тірестіріп келген инфляция 2022 жылдың соңында 20,3 пайыз болып, алға озып кетті. Оны тоқтатудың қиынға соғатыны анық түсінікті болды.
Қатты қымбаттап кеткен инфляцияға қарсы тұратын бірегей және тиімді қару – базалық ставка болды. Тиісінше, оны қолдана білу де маңызды. Бұл өзі – қай тұсынан атылып кетерін аңдай алмай қаларлықтай, қауіпті қару. Қажетсіз тетігін басып қалып, жылдар бойы қымбатшылық торына түсіп кеткен елдер қаншама. Бізге ондай қателік жіберуге болмайтын еді. Онсыз да экономикалық дамудың даңғыл жолында емес. Шикізаттық модель шырмауынан шыға алмай тұрмыз. Мұндайда баға өсімінің жедел қарқынмен өсуі халыққа да, қазынаға да ауыр соққы болмай ма?!
Ұлттық банк шырқай көтерілген инфляция биігіне бірге шығуға бел байлады. Инфляция көтерілген кезде базалық ставка оның артынан еріп барып, тартып, өзімен бірге төменге қарай сүйреп келуге талпынып жатыр. Онысы әрі нәтижесіз де емес. Ұлттық банк асыққан жоқ. Құздың басына шығып алған инфляцияны ырыққа көндіріп, оны төменге қарай түсіруге күш салды. Көз жетпес биікке шығып алған инфляция мұндайға көнбейді, оны ынталандыратын факторлар жетерлік деп бал ашқандар көп болды. Базалық ставканың қауқары жете қоймайды ау деген жауырыншылар да аз емес еді. Алайда базалық ставка өз дегеніне ақыры көндірген сыңайлы. Бір жыл бұрын ғана 20-дан асып тұрған инфляция қазір – 9,5 пайыз. Базалық ставка тізгінді жіберіп-тартып, инфляцияның алдында жүрді де отырды. Инфляция сәуірде 16,8 пайыз болған кезде, базалық ставка әлі 16,75 болып тұрды. Байқасақ, тап осы 16,75 пайыз 2022 жылдың соңында бекітілген еді. Оны жоғарыда да айтып өттік. Тиісінше, ҰБ кей сарапшылардың сынына қарамастан осы қатаң саясатты бірнеше ай бойы ұстанды және биікте тұрған инфляцияны төмен қарай түсуге көндіре білді. Сөйтіп, маусым айында инфляция 14,6 пайыз деңгейіне дейін төмендеді. Арада 2 ай өткенде 13,1 пайызға дейін түсті. Ойлы-қырлы тау жолының көбі кетіп, азы қалды. Бұл да тәуір жетістік еді. Міне, осы кезде ғана ҰБ өз саясатына ептеп жылымық енгізсек болады деген шешімге келді. Тамыздағы отырыста ақша-несие саясаты комитеті 16,50 пайыз етіп белгіледі базалық мөлшерлемені. Оның өзінде абайлап қана, небәрі 0,25 базистік тармаққа түсірді. Бірақ артынан еріп келе жатқан, «түсемін» деген уәдесі бар инфляцияның қайта «өз ойынан айнып қалмауын» қатаң қадағалады.
Қарашада ҰБ базалық мөлшерлемені 15,75 ету жайлы шешімнен кейін, іле-шала инфляция да 10,3 пайыз болып, біз көптен күткен бір таңбалы мәнге таяды. Алысқа ұзаған да жоқ, тым жақындаған да жоқ, соңғы екі жыл бедерінде алтын аралықты әдемі ұстай білді. Бұл әрине, ҰБ жүргізген салқынқанды ақша-несие саясатының жемісі. Биыл қаңтар айында инфляция 9,5 пайызға дейін төмендеді. Бұл әрине, үлкен жетістік. Қаңтардың 22-сінде ҰБ базалық мөлшерлемені 15,75-тен 15,25 пайызға түсірген еді. Ал бұл жолғысы, яғни ақпанда жасалып отырған 14,75 пайыз болып қабылданған шешім біршама батыл. Себебі, 50 базистік тармаққа бір ақ төмендеттік және осы арқылы Ұлттық банк өзінің 2022 жылдың қыркүйегіндегі шешіміне жақын көрсеткішті белгілеп отыр. Ол кезде базалық мөлшерлеме 14,50 пайыз болып бекітілген еді. Бірақ ол жылы базалық ставка қазіргідей төмен түсу емес, керісінше ұдайы әрі батыл өсу жағдайында келе жатқан болатын.
Есте болса, көпшілік, әсіресе бизнес қауымдастық, жекелеген сарапшылар, тіпті кейбір депутаттар базалық пайыздық мөлшерлемені қымбаттатуға қарсы болды. Бұл экономиканы өлтіреді, несие алғысы келетін кәсіп иелерінің жолын байлайды деп дабыл қақты. Иә, базалық мөлшерлеменің өсуімен несие пайызының да қымбаттайтыны түсінікті. Бірақ кәсіпкерлер тиімді кредит алсын деп оны төмендетер болсақ, онда инфляция өсіп кетейін деп тұр. Инфляция өсімі дегеніміз – баға өсімінің жеделдеуі, былай айтқанда қатаң қымбатшылық. Бұл орайда кәсіпкер де өнімін қымбатқа сатуға мәжбүр болады, алайда оны алуға сұраныс азаяды. Өйткені халықтың ақшасы жетпейді. Айналасының бәрі қымбатшылық. Тиісінше, өнім аз өте бастайды және ұсыныс сұранысты басып кетеді. Қаншама тауар жатып қалады, қаншама өнім қоймада шіриді. Фермерлер шығынға батады. Оларда қайтадан өндірістік шеңберге оралуға ынта соқпай қалады. Сонда айналып келгенде базалық мөлшерлемені көтерудің емес, төмендетудің кері әсері басым болып кетпек. Екінші жағынан арзан мөлшерлеме банк несиесін арзан етіп, онсыз да «қызыл сызықтан» асып тұрған тұтынушылық несиенің серпін алуына армансыз «көмектеседі». Ал қазіргі қымбат мөлшерлеме жағдайында көп адам артық қаржысын депозитке салып, еселеп көбейтуге мүмкіндік алды.
Бірден бір ескеретін жәйт – инфляция Үкіметтің емес, Ұлттық банк ұстанған саясаттың, яғни базалық пайыздық мөлшерлемені дұрыс қолданудың арқасында түсті. Яғни инфляция төмендегендіктен базалық мөлшерлеме төмендеп тұрған жоқ, базалық мөлшерлемені қымбаттатудың арқасында инфляция төмендеп тұр. Қалай болғанда да ұзақ мерзімді жоспар дұрыс таңдалды. Инфляция 20-дан асып кеткен кезде депутаттар «базалық мөлшерлемені 16-дан 15-ке түсіргенге ризасыңдар, ол түк әсер бермейді» деді. Сол кезде Ұлттық банк «қазір бәрін шешіп тастау деген мүмкін емес, базалық ставканың әсер ету күші ұзақ мерзімді перспективада көрініс табады» деп байыппен жауап берді. Бұған сенгендер де, сенбегендер де болды, дегенмен іштей сенім артқандар қарасының қалың болғаны анық. Өйткені тығырықтан шығар басқа амалымыз да жоқ еді. Инфляция 20 болып тұрғанда мөлшерлемені 2 етіп тастау қалай болғанда да ақылға сыйымсыз ғой. Сен 2 қылдың екен деп инфляция ертеңіне 3-5 пайыздың маңайында жүрмейді. Керісінше, шығандап, 30-40-тан бір ақ шықпасына кепілдік жоқ. Алысқа бармай ақ мұны Түркия мысалынан да көрсек болады.
ҰБ жоспары бойынша, базалық мөлшерлеме одан әрі де төмендей түсуі тиіс. Өйткені инфляция бір таңбалы мәнге толық ауысты, бұрынғыдай төндіріп тұрған соншалықты қауіп-қатері жоқ. Дегенмен кез келген сәтте туындауы мүмкін тәуекелдерді санаттан шығарып тастауға мүлде болмайды. Өйткені соңғы айларда әлемдік ахуал қайтадан шиеленісіп шыға келді. Әлемнің әр түкпірінде оқтын-оқтын соғыс оты тұтанып қалады. Әрі жылдық инфляция бәсеңдегенімен, айлық инфляцияның жоғары қалыптасып жатқаны тағы бар. Сондай-ақ фискалдық саясат параметрлеріндегі белгісіздік алдағы уақытта шешім қабылдау кезінде базалық мөлшерлеменің бүгін қалыптасқан деңгейінде сақталу ықтималдығын арттыратын сыңайлы.