Қазақстанның депозитті кепілдендіру қорында 619 млрд теңге бар.
Қазақстанның депозитті кепілдендіру қорының мәліметінше, арнайы резервте 509 млрд теңге бар, ал қордың жарғылық капиталының 70 пайызын қоссақ, барлығы 619 млрд теңгені құрайды.
Қордың хабарлауынша, Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің жағдайы қиындайтын болса, азаматтардың депозиттері сақталады.
Халықаралық стандартқа сай, депозитті сақтау жүйесінің резерві қаржы жүйесінің барлық депозитін емес, тек күтілетін шығынды ғана жабуы керек. Қордағы қаражат елдегі банктерге салынған депозиттің 6,3 пайызы ғана. Ал "Депозитті міндетті кепілдендіру туралы" заңда бұл көрсеткіш 5 пайыздан артық болуы тиіс.
"Халықаралық стандарттарға сай жасалған бағалау жұмыстарының қорытындысы аталған қордың жеткілікті екенін көрсетті. Егер қаражат аздық етіп жатса, қор Ұлттық банктен көмек сұрай алады", - деп хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, сақтандыру жағдайы туындағанда қор ұлттық валютада жинақ депозиті бойынша 15 млн теңгеге дейін, басқа депозиттер бойынша 10 млн теңгеге дейін және шетел валютасындағы депозитті 5 млн теңгеге дейін өтей алады.