С. Жұманғариннің айтуынша, агенттіктің 2021 жылы тұрғын үй нарығында жүргізген талдауы көрсеткендей, көптеген өңірлерде тұрғын үйді өткізу нарығының шоғырлануы жоғары.
Алматы, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында шоғырлануы орташа.
Алматы қаласында I және II санатты тұрғын үйді өткізу нарығының шоғырлануы жоғары, ал, III және IV санатты тұрғын үйді өткізу нарығының шоғырлануы орташа.
Бұл ретте, жыл сайын тұрғын үй құрылысы көлемінің ұлғаюы 10% - дан астам болып отыр.
Құрылыс кезінде үлескерлердің қаражатын тартуға үш тәсілдің бірімен рұқсат етіледі:
1) Қазақстандық тұрғын үй компаниясы бірыңғай оператор кепілдігінің болуы;
2) екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысу тәсілі кезінде әкімдік рұқсаты;
3) тұрғын үй каркасы тұрғызылғаннан кейін әкімдік рұқсаты.
Құрылысты бірінші тәсілмен ұйымдастыру кезінде (үлестік көлемнен 2%) бір құрылыс салушыға Бірыңғай оператордың кепілдік лимиті 50 млрд теңгеден аспайды.
Екінші деңгейдегі банктермен несиелендіру бойынша екінші тәсіл, үй каркасы тұрғызылғаннан кейін ғана жұмыс істейді, бұл құрылыс салушылардың өз қаражаты есебінен құрылыстың 30%-ын құрайды.
Осылайша, Агенттіктің талдау деректері бойынша, 2021 жылы жеке құрылыс ұйымдары салған 7,5 млн шаршы метр тұрғын үйдің 27%-ы өз қаражаты есебінен және 26%-ы заңнамада көзделген рұқсаттарды алғаннан кейін салынған.
Тұрғын үйдің қалған 47% ы брондау, резервтеу және т.б. шарттар бойынша салынған.
«Президенттің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған зейнетақы төлемдерін пайдалану бағдарламасы, үлестік тұрғын үй құрылысының үлкен көлеңкелі айналымы бар монополияланған нарығы дайын емес екенін көрсетті. Сонымен, 2,5 трлн зейнетақы қаражатының 68%-ы азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікті тұрғын үй сатып алуға, ал 4%-дан төмені үлестік құрылыс келісімшарты бойынша тұрғын үй сатып алуға бағытталған», — деді БҚДА басшысы.
Сонымен қатар С. Жұманғарин келісімшарттың негізсіз шарттарын міндеттеу тәжірибесі кеңінен таралуда екенін айтты.
Бұл - құрылыс салушылармен үлестес басқарушы компаниялармен, байланыс, интернет қызметтері, кабельдік теледидар операторларымен келісімшарт жасасу, паркинг сатып алу бойынша талаптар.
Осылайша, монополиялық құрылыс нарығы, көршілес нарықтардағы бәсекелестікті шектейді.
«Жер учаскелерін берудің бәсекелес тәсілі сауда-саттық болып табылады. Оған арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында немесе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың қатысуымен инвестициялық және инновациялық жобаларды іске асыру жатпайды. Астана арнайы экономикалық аймақ аумағында өнімдер шығарумен 50 инвестициялық жоба, тұрғын үй және әкімшілік кешендер салу бойынша 135 жоба іске асырылады», — деді С. Жұманғарин.
Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар инвестициялық жобалар түрінде жер учаскелерін тұрғын үйлер, сауда орталықтарын, фитнес залдар, жанармай құю станциясы салу үшін сатады. Бәсекелестік емес артықшылықтар алудың басқа тәсілі мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік жеке меншік әріптестік болды.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңда Үкімет айқындайтын тұлғалардан бір көзден сатып алуды жүзеге асыру мүмкіндігі көзделген. Осы тәсілмен Түркістан қаласында 566 млрд теңге сомасына конкурс өткізбей 149 объектіні салу қызметтерінің жеткізушілері айқындалған.
Агенттік басшысының айтуынша, сонымен қатар жолдарды, ауруханаларды, мектептерді және іс жүзінде құрылыс қызметтерін мемлекеттік сатып алу болып табылатын, өзге де объектілерді салу жөніндегі мемлекеттік жеке меншік әріптестік рәсімі ашық емес және бәсекеге қабілетсіз болып отыр. Бұл жобалар жұмсалған қаражатты толық және жеделдетілген түрде (3-5 жыл) қайтаруды көздейді және одан әрі жекеше әріптестің мемлекеттік жеке меншік әріптестік объектісін пайдалануын немесе объектінің бейіні бойынша – білім беру, медициналық қызметті жүзеге асыруын қамтымайды.
Жоғарыда айтылғандардың барлығы Мемлекет басшысының құрылыс нарығын монополиясыздандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатындағы Агенттіктің жұмысы болып табылады, оның қорытындысы бойынша тиісті заңнамалық өзгерістер енгізе отырып, келесі кешенді шаралар пакеті әзірленетін болады:
- құрылыс салушылар, бенефициарлар, компаниялардың меншік иелері, олардың басқа ұйымдармен үлестестігі, тұрғын үйді өткізу көлемі, бағалар, шығындар, материалдар мен қызметтерді жеткізушілер туралы ақпаратты жария етуге назар аудара отырып, тұрғын үйдің үлестік құрылыс заңнамасына өзгерістер енгізу;
- үлестік құрылысқа қатысушылар арасындағы жауапкершіліктің аражігін ажырату, «біркүндік» компания құру тәжірибесін және бас компаниялардың (ірі құрылыс салушылар, холдингтер) жауапкершіліктен кетуін болдырмау;
- үлескерлердің қаражатын тарту тәртібіне және олардың мақсатты пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды іске асыру;
- арнайы экономикалық аймақтар аумағындағы қызмет тізбесінен тұрғын және тұрғын емес объектілер құрылысын алып тастау;
- жер учаскелерін берудің және құрылыс қызметтерін мемлекеттік сатып алуды орналастырудың конкурстан тыс тәртібін жою;
- үлескерлер қаржыландыратын және қосалқы мердігерлікке берілетін құрылыс жұмыстарының көлемін шектеу.