BCC Invest компаниясы қызметін исламдық қаржыландыру қағидаттарының негізінде жүзеге асыратын Қазақстандағы тұңғыш Wardat al Hayat интервалдық инвестициялық пай қорын іске қосты. Қор пайларының сауда-саттығы 27 наурыз күні KASE-де өтті.

Биыл ақпан айында BCC Invest инвестициялық компаниясы Қазақстанда бірінші болып Wardat al Hayat интервалдық инвестициялық пай қорын іске қосты, ол қызметін исламдық қаржыландыру қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырады.

Wardat al Hayat қоры ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде тіркелген және оның халықаралық шариғат кеңесшілері Alhamd Shariah Advisory Services берген шариғатқа сәйкестік сертификаты бар. 

Қор исламдық инвестициялау қағидаттарын ұстанатын инвесторларға арналған және сенімді эмитенттердің тәуекелі аз құралдарына назар аудара отырып, консервативтік стратегияны ұсынады.

Қор Таяу Шығыс пен Оңтүстік Шығыс Азияның жетекші эмитенттері шығарған сукукке (исламдық бағалы қағаздар) инвестициялайды. 

Қордың болжамды жылдық кірістілігі АҚШ долларымен шамамен жылдық 4%-ды құрайды. Төлем компанияның шешімімен жасалады.

Қордың ережесінде жыл қорытындысы бойынша Қор кірісінің (кіріс болған кезде) 1%-ы мөлшерінде қайырымдылық мақсатқа сыйақы төлеу көзделген. Төлем компанияның шешімімен жасалады.

Қордың инвестициялық саясатын Шариғат байқау кеңесі реттеп отырады, ол инвестициялаған кезде шариғат нормаларының сақталуын қатаң қадағалайды.

«Исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша тұңғыш инвестициялық пай қорын құру және оны іске қосу біз үшін кәсіби тұрғыда сынақ болды. Біз исламдық қаржы өнімдеріне мүдделі жүздеген мың инвестор үшін шариғат нормалары бойынша, бұл ретте ұлттық заңнаманың аясында және оның реттеуші талаптарына қатаң сәйкестікте инвестициялау қолжетімді болғанына қуаныштымыз. Біз Қазақстан нарығында тұңғыш жол салушы болғанымызды мақтан тұтамыз және исламдық инвестициялар нарығын одан әрі дамытуда үлкен әлеуетті байқап отырмыз», — деп атап өтті BCC Invest компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Әлібек Оразақов. 

Жеке және заңды тұлғалар Қордың инвесторлары бола алады. Пайдың номиналды құны – 100 АҚШ доллары.

20 наурыз күні Қордың пайлары KASE-де «Инвестициялық қорлардың бағалы қағаздары» секторында листинг рәсімінен өтті. 27 наурыз күні Қордың пайларының алғашқы сауда-саттығы басталды. Қордың пайларының сауда-саттығы «Банк ЦентрКредит» АҚ-тың bcc.kz мобильді қосымшасында да қолжетімді болады.

«Қазақстандағы тұңғыш Wardat al Hayat интервалдық инвестициялық пай қорының іске қосылуы – еліміздегі исламдық қаржыны дамыту үшін елеулі оқиға. Исламдық қаржыландыру және бизнес қауымдастығының мүшесі BCC Invest инвестициялық компаниясы шариғат қағидаттарына сәйкес келетін осы құралды жасап шығару үшін үлкен жұмыс атқарды. Бұл Қор ашықтықты, тұрақтылықты және әдеп стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз ете отырып, инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз Wardat al Hayat Қазақстанда исламдық қаржыландыруды одан әрі дамыту үшін маңызды кезең болатынына және осы болашағы зор секторға қатысушыларды көбірек тартатынына сенімдіміз», – деп атап өтті Қазақстанның исламдық қаржыландыру және бизнес қауымдастығының төрайымы Мәдина Тукулова. 

Қор туралы толығырақ ақпарат мына сілтемеде қолжетімді.