Дональд Трамп әкімшілігі Новороссийскідегі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалына жасалған шабуылға байланысты Украинаға наразылық білдірді. Дрон соққылары Қазақстандағы америкалық энергетикалық компаниялардың қатысуымен өндірілетін мұнай экспортын тоқтатып тастады. Бұл туралы Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина мәлімдеді.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, дипломат баспасөз мәслихатында Ресей портындағы инфрақұрылымға жасалған Украинаның шабуылы «Қазақстан арқылы жүзеге асырылатын кейбір америкалық инвестицияларға нұқсан келтіргенін» жеткізді.
Вашингтонның талаптары
АҚШ Мемлекеттік департаменті Киевке мұндай операциялардың батыс бизнесі үшін экономикалық салдарын ескеруді талап етіп, демарш жолдады.
«Біз Мемлекеттік департаменттен американдық мүдделерге соққы жасаудан тартынуымыз керек екенін естідік», — деді Стефанишина америкалық тараптың ұстанымын жеткізе отырып.
Сонымен қатар елші бұл ескерту Ресейдің әскери және энергетикалық инфрақұрылымына жалпы соққы жасауға тыйым салуды білдірмейтінін баса айтты. Ол тек зақымдануы АҚШ-тың экономикалық мүдделеріне тікелей зиян келтіретін нысандарға ғана қатысты.
«Біз бұны назарға алдық», — деп түйіндеді Стефанишина.
Айта кетсек, Каспий құбыр консорциумының Ресейдің Новороссийск қаласындағы теңіз терминалының әкімшілік корпусы дрон шабуылы салдарынан зақымданып, мұнайды экспортқа тиеу тоқтаған еді. Одан кейін бір күннен соң теңіз терминалында экспортқа мұнай тиеу қайта басталғаны хабарланды.
29 қарашада Ресейдің Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына экипажсыз қайықтармен жасалған шабуыл салдарынан екінші жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданды. ҚР Энергетика министрлігінің КҚК теңіз терминалындағы жағдайға арналған ресми түсініктеме беріп, мұнай экспорттауға КҚК-дан басқа жол іздеп жатқанын мәлімдеді.
13 қаңтарда Каспий құбыр консорциумының терминалына мұнай тиеуге бара жатқан екі мұнай танкеріне дрон шабуыл жасап, соққы берді. Сонымен қатар Каспий құбыр консорциумының терминалына мұнай тиеуге бет алған MATILDA кемесі 2026 жылғы 13 қаңтарда дрон шабуылына ұшырады.