Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлауынша, Solva микроқаржы ұйымына банкке айналуға рұқсат бермеді.
Одан бөлек агенттік аталған МҚҰ-ның жеке ірі акционерлері Александр Дунаев пен Борис Батинге сол банктің ірі акцияларын сатып алуына да рұқсат бермеді.
Агенттік ешқашан шешімінің себебін түсіндірмейді.
«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы «ОнлайнКазФинанс Микроқаржы ұйымы» АҚ банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы» 2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 86 қаулы қабылданды:
- «ОнлайнКазФинанс Микроқаржы ұйымы» АҚ банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беруден бас тартылды;
- «Solva Capital» ЖШС «ОнлайнКазФинанс Микроқаржы ұйымы» АҚ-ты банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылатын банктің банк холдингінің мәртебесін иеленуге келісім беруден бас тартылды;
- Александр Александрович Дунаевқа және Борис Александрович Батинге «ОнлайнКазФинанс МҚҰ» АҚ-ты банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылатын банктің ірі (жанама) қатысушылары мәртебесін иеленуге келісім беруден бас тартылды», — делінген агенттік хабарламасында.
Solva Group Ltd. бас директоры Константин Барабанов мәселеге пікір білдірді.
«БАҚ өкілдері мен әріптестеріміздің жағдайымызға назар аударып, білдірген қолдаулары үшін алғысымызды айтамыз! Бұл жұмысымыздағы қалыпты жағдай – реттеуші орган құжаттарды заңнамада белгіленген мерзімде қарастырады, егер өтінім берген тарап, яғни біз, барлық ескертулерді мерзімінде реттеп үлгермесек, реттеуші органның өтінішімізді қабылдамаудан басқа амалы жоқ. Дегенмен біздің ЕДБ-ға айналуға қатысты жоспарымыз өзгерген жоқ, құжаттарды реттеп, жақын арада өтінішімізді қайта жібереміз», — деді ол.
Айта кетейік, қыркүйек айында акционерлер Solva-ны 7,4 млрд теңгеге қосымша капиталдандырды. Жыл басынан бері олар компанияның жарғылық капиталын 11,8 млрд теңгеге толықтырып, оны 22,7 млрд теңгеге жеткізді. Бұл Solva-ны банкке айналдыру аясында жасалды, деп атап өтті компания.
Бұған дейін Solva 2025 жылы банк лицензиясын алуы мүмкін екені айтылған.