Қазақстанда Әлеуметтік кодекс жобасы шеңберінде азаматтарды жаппай оқыту және білім беру сапасын жақсарту үшін негіздер қалыптастырылып, ол заңнамалық деңгейде бекітілетін болады.
Әлеуметтік кодекс жобасында еңбекке қабілетті жастағы азаматтарды жаппай оқыту арқылы кәсіби дағдыларды қалыптастыру есебінен адами капиталды жоспарлы түрде арттыру және қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін көтеру үшін жағдайлар жасау көзделеді.
Бірінші. Еңбекке қабілетті азаматтарды оқыту үшін мақсатты санын бірнеше есе арттыру жоспарлануда.
Егер бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің желісі бойынша оқытумен азаматтардың жекелеген санаттарына жататын жылына шамамен 500 мың адам қамтылса, енді оқыту үшін нысаналы контингентке санаттары мен мәртебесіне қарамастан – 9 млн адамға дейін еңбекке қабілетті жастағы барлық азаматтар кіреді.
Бұл ретте жаңа дағдыларды алуға қолжетімділік үшін жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың өздері арасындағы жаңа әлеуметтік келісімшарт шеңберінде бөлінетін болады.
Атап айтқанда, мемлекет жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жұмыссыздар мен халықтың жекелеген нысаналы санаттары үшін қысқа мерзімді тегін оқыту курстарын ұйымдастыратын болады. Бұл ретте оларға оқытудың түрлі форматтары, оның ішінде skills.enbek.kz платформасында онлайн оқытуды ұсыну көзделуде. Бүгінгі күні бұл платформада 151 курс орналастырылған, оның 97-інен тегін өтуге болады.
Жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін жаңа технологияларды енгізуді немесе жаңа өндірістер ашуды ескере отырып, біліктілікті арттыру, қайта бейіндеу курстарын ұйымдастырады. Оқыту жұмыс берушінің таңдауы бойынша жұмыс орындарында, оқу орталықтарында немесе білім беру ұйымдарының базасында өтетін болады.
Азаматтар әлеуметтік мәртебесіне байланысты мемлекет немесе жұмыс берушілер ұйымдастыратын тегін курстардан өте алады немесе ақылы курстарды өз қалауы бойынша таңдай алады.
Екінші, еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқыту сапасын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдау көзделеді. Ұлттық біліктілік жүйесін қайта жүктеу осыған бағытталған.
Жұмыс берушілер кәсіптік стандарттар арқылы білім беру бағдарламалары жаңартылатын жұмыс күшінің дағдыларына талаптар қоятын болады.
Кәсіби біліктіліктерді тану орталықтары кәсіби біліктіліктерді, оның ішінде ресми, бейресми және информальды білім беру арқылы алынған мамандардың жекелеген дағдыларын бағалайды және тиісті сертификаттар береді.