Қазақстанда стейблкойндар, яғни криптовалюта мен олармен жұмыс істеу платформаларының тізімі дайындалып жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
«Қазақстанда алғаш рет криптовалюта айырбастау пункттерін ашуға рұқсат береміз, олардың жұмысын Ұлттық банк реттейді. Криптовалютаны төлем жасау үшін пайдалануға тыйым салынады, бірақ инвестиция ретінде қолдануға рұқсат беріледі. Сатып алуға болатын криптовалюталардың тізімі мен платформалардың тізбесі анықталады. Тиісті ұйымдар Ұлттық банк тарапынан нақты шектеулер мен реттеулер аясында қызмет көрсетеді», — деді ол Сенатта банктер туралы заң жобасын талқылау кезінде спикер Мәулен Әшімбаевтың сұрағына жауап бере отырып.