Қытай шекараны ашып, вагондарды көбейтуге уәде етті

Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмыс істеуі туралы келіссөз өтті. 

2021 жылдың 11 қарашасында Қазақстан Республикасы (ҚР) мен Қытай Халық Республикасының (ҚХР) мүдделі мемлекеттік органдары арасында COVID-19 жағдайында Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмыс істеуі туралы келіссөз өтті, деп хабарлайды Қаржы министрлігі.
Келіссөз барысында тараптар көліктік-коммуникациялық өзара байланысты және аймақаралық байланыстарды нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың сапасын арттыруға жәрдемдесуге бағытталған бұрын жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды ұстанатындықтарын растады.
Келіссөздер нәтижесінде Тараптар Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының автомобиль және теміржол өткізу бекеттерінде өткізу қабілетін арттыру, автокөлік құралдары мен жүктерге қатысты эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу бойынша бірлескен шаралар қабылдау туралы уағдаласты.
Қытай тарапы қытайлық тараптағы «Қалжат» - «Дулаты» өткізу бекетінің жұмысын қалпына келтіру үшін өткізу пунктінің эпидемияға қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілуі керек екенін атап өтті. Бұл ретте ҚХР ШҰАА Халық үкіметі санитарлық – эпидемиологиялық бақылаудың қатаң шаралары сақталған жағдайда Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Майқапшағай» - «Зимунай» автомобиль өткізу бекетінің қызметін қалпына келтіруге дайын екендігін хабарлады.
Сонымен қатар, қытай тарапы жақын арада ҚР бағытындағы теміржол құрамдарының санын арттыру және қазақстандық тарапта тұрып қалған жүктерді қабылдау ниетін растады.