Қазақстанның құрылысшылар одағы Президент пен Үкіметтен елдегі ірі компанияларға көмек беруді сұрады, деп хабарлайды одақтың баспасөз қызметі.
Құрылыс саласы өкілдері жүйе құраушы кәсіпорындар тізімін кеңейтіп, арнайы құрылыс банкін құруды ұсынды.
Одақтың мәліметінше, пандемия кезінде мемлекеттен көмек алатын жүйе құраушы компаниялар саны тым аз, ең ірі кәсіпорындардың қатарындағы сегіз компания тізімге кірмей қалған. Осы орайда одақ осы тізімді кеңейтуді ұсынып отыр.
Одақ төрағасы Ералы Сауранбаевтың айтуынша, тізімге кірмей қалған ірі сегіз компания 10 мыңдай азаматты жұмыспен қамтып отыр және бұл компаниялар елдегі ең ірі салық төлеушілердің қатарында.
"Егер мемлекет тізімді кеңейтетін болса, әлгі сегіз компания жұмыс орындарын қысқартпай, құрылыс материалдарын тек отандық өндірушілерден сатып алуға міндеттеме алады", - дейді төраға.
Сауранбаев сонымен қатар саладағы ұсақ компаниялардың да жағдайын алаңдайды. Олар тіпті жабылып қалуы мүмкін. Сол үшін құрылышылар одағы құрылыс саласын қаржыландыратын арнайы банк құруды ұсынады.
"Құрылыс банкі құрылса, салада жұмыс орындарын сақтап қалуға, құрылысты тоқтатпауға көмектесер еді", - дейді.