2022 жылдың соңына дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акциялары сатыла бастайды. Бұл әрбір қазақстандық үшін ұлттық байлықтан үлес алуына үлкен мүмкіндік.

 

IPO деген не?

 

IPO (Initial Public Offering) деп компания акцияларының бастапқы жария орналастырылуын айтамыз. Оны кейде эмиссия деп те атайды. Яғни, компания өз акцияларын алғаш рет жария нарыққа шығарады, тиісінше ол акцияларды жеке инвесторлар, жалпы халық сатып ала алады.

 

Компаниялар IPO-ға шыға отырып бизнесті ары қарай өркендетуге қосымша ақша табады. Өйткені акционер өзінің компаниядағы үлесінің белгілі бір бөлігін көпшілікке сатып отыр. Ал инвесторлар компания акциясын сатып ала отырып, сол компаниядан үлес алады. Компания акциясын иемденген азаматты сол компанияның бір «иесі» деп те санауға болады. Өйткені компанияның табысты болған жағдайда акционер дивидент алып, сол компания жұмысының жемісін көреді. Компания IPO-ға биржаға шыққаннан кейін компанияның мәртебесі «жеке»-ден «көпшілік»-ке ауысады. Яғни ол компания бір немесе бірнеше ғана адамның меншігі емес, көпшіліктің алдында есеп беретін жария компанияға айналады.  

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та компанияларды IPO-ға шығарудың маңыздылығына айырықша тоқталған еді.

 

«Еліміздің қарапайым азаматтарында ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алып және содан дивиденд алып отыратындай мүмкіндік болуы тиіс. Тек осындай тәсілмен ғана халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болғаны жөн. Ал бұл үшін жаңа цифрлық шешімдер керек», деген еді Мемлекет басшысы.

 

Осы орайда президент «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына да үлкен көлемде өзгеріс қажеттігін қадап айтты. Ол ұлттық компаниялар тиімділігіне күмәнмен қарап, оларда үлкен көлемде әкімшілік шығындар жиналып қалғанын, бұл – «Самұрық-Қазына» басшылығының қателігі екенін айтқан болатын.

 

Самұрықтың қандай компанияларының акциясын сатып алуға болады?

 

«Самұрық-Қазына» басшылығы қор жұмысында елеулі өзгерістер болатынын, қор аясында жұмыс істейтін бірнеше ұлттық компанияның 2025 жылға дейін IPO-ға шығатынын мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, алдағы 3 жыл көлемінде «ҚазМұнайГаз»-дан бөлек, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ, «QazaqGaz» ҰК АҚ және «Эйр Астана» АҚ компаниялары IPO-ға шықпақ.

 

«ҚазМұнайГаз» АҚ 2022 жылдың соңына дейін IPO-ға шығарылмақ. Осы мақсатта компания өкілдері 2022 жылдың 17 қыркүйегі мен 30 қыркүйегі аралығында еліміздің әр аумағында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Самұрық-Қазына» ұйымдастырған халықпен кездесулерге AIX пен KASE биржаларының, Freedom Broker-дің және өзге де мүдделі тараптар қатысты. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылдың 7 қазанына дейін қор өкілдері Қазақстанның 102 елді мекенінде кездесу өткізді. Аталған кездесуде жалпы саны 100 мыңнан астам халық қамтылды.


«Кездесуге келген халықтың ұлттық компаниялар акциясын сатып алуға деген қызығушылығы жоғары болды», деп мәлімдеді ұлттық әл-ауқат қорының баспасөз қызметі.

 

«ҚазМұнайГаз» АҚ акцияларын бастапқы жария орналастыру KASE және AIX биржаларында жүзеге асырылады. Бұл – қарапайым азаматтар үшін тамаша мүмкіндік. «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаевтың сөзінше, IPO кезінде барлық мүдделі тараптардың мүдделерінің теңгерімін сақтауды ескере отырып, бөлшек инвесторларға басымдық беру жоспарлануда.


«Қаз­МұнайГаз» АҚ бен «Самұрық-Қазына» қоры жоғары сапалы, әртараптандырылған инвесторлық базаны құруға мүдделі және Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан қор нарығында ұзақ мерзімді қатысуды мақсат етеді», дейді Д. Қарабаев.

 

Бұған дейін IPO-ға шыққан ұлттық компаниялар қаншалықты табысты болды?

 

Біздің елімізде IPO алғаш рет өткізілгелі отырған жоқ. Бұл тұрғыдан біршама тәжірибе бар. Соңғы 10 жылда KEGOK АҚ, «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ және «ҚазТрансОйл» АҚ компаниялары IPO-ға шықты.

 

2014 жылдың 18 желтоқсанында бастапқы орналастыру кезінде «KEGOK»-тің бір акциясының құны 505 теңге тұрса, бір жылдан соң баға 705 теңгеге дейін көтерілді. Сәйкесінше, 2014 жылдан бері 2022 жылға дейінгі аралықта өзінің максимум деңгейі – 1925 теңгеге дейін жетті.

 



 «ҚазТрансОйл»-дың бір акциясы әдепкіде 725 теңгеге бағаланған, ал бір жылдан соң 906 теңге болды. 2012-2022 жылдар аралығында тіркелген ең қымбат құны – 1620 теңге.

 



 Акция құнының қымбаттығы бойынша бірінші позицияда тұрған – «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ алғашқы орналастыру кезінде жалқы акциясы 4322,74 теңге болды. Бір жылдан соң 5429 теңгеге көтерілді. 2018-2022 жыл аралығында максимум құны 20 270 теңгеге дейін қымбаттады. Қазіргі құны 13 750 теңге.



 

 IPO өткізілген мерзімнен бергі бүкіл кезең аясында «KEGOK» АҚ өз акционерлеріне 1 акция үшін 722,88 теңге мөлшерінде дивиденд төлесе, «ҚазТрансОйл» – 1 акцияға 1132,71 теңге, ал «ҚазАтомПром» 1 акция үшін 2145,59 теңге төлеген.

 

Дивидендтерді есептегенде 2014 жылдан бері «KEGOK» АҚ акциялары компанияға 355 пайыз кірістілік алып келген, «ҚазТрансОйл» акциялары 2012 жылдан бері 154 пайыз кірістілік әкелсе, «ҚазАтомПром»-ның 2018 жылдан бергі акцияларының табыстылығы 298 пайызды құрайды.

 

Әлемдік ірі компаниялардың IPO-сы қалай болды?

 

Әлемдік тәжірибеге зер салатын болсақ, акционерлерге мол табыс әкелген бірқатар компанияларды көруге болады.

 

Мәселен, Tesla компаниясы 2010 жылдың 29 маусымында IPO-ға шықты. Бағасы 1 доллар 28 цент еді. Қазір 238,13 доллар. 12 жылдай уақытта құны 186 есе қымбаттаған. Компания қағазы 2021 жылдың 5 қарашасында тіпті 407,36 доллар болған.



 

 Ал Apple компаниясы 1 акциясының бастапқы құны 22 доллар болған, бір жылдан соң 24,8 пайызға дейін төмендеген. Жоғары тіркелген деңгейі – 182,9 доллар (178 мың пайыз өсім). Жалпы, 2012 жылдан бері өз акционерлеріне 116,6 млрд доллар дивиденд төлепті.



 

 Exxon компаниясының ең алғашқы күндегі бағасы – 2,16 доллар болды. Бір жылдан соң бір акцияның бағасы 15,7 пайызға дейін өсті, ал максимум деңгейі – 104,6 доллар (4742 пайызға өсім). 2009 жылдан бері акционерлеріне 156,6 млрд доллар дивиденд төлеген.



 

 Биржаның ресми сайтында бар брокерлерге ғана жүгіну керек

 

Алдағы IPO кезінде қаржылық алаяқтардың да қаптауы мүмкін. Олар ұлттық компаниялардың акцияларын сатқан болып елді қаржы пирамидаларына тартуы ықтимал. Осы орайда Қазақстан қор биржасы Басқарма төрағасы Алина Алдамберген IPO-ға қатысқысы келетін азаматтар KASE-нің ресми сайтындағы брокерлерге жүгінгені жөн екенін айтады.

 

«Біріншіден, Қазақстан қор биржасы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Біздің брокерлік ұйымдар клиенттермен жұмыс істейді. Қазақстандықтар олармен байланыса алады, қосыла алады, есепшот аша алады. Біз өз тарапымыздан азаматтарға брокерлер туралы барлық ақпаратты береміз, осыны көре аласыздар», дейді қор биржасының басшысы.

 

Оның айтуынша, акция сатып алу тек брокерлер арқылы жүзеге асырылады. Қазір бұл қызметті көпшілік брокерлік компаниялар онлайн ұсынатын болған.

 

Сонымен қатар Алина Алдамберген халықты қор нарығына барынша көбірек тарту үшін цифрлық технологиялардың кең пайдаланылып жатқанын және брокерлерге де салықтық жеңілдіктер ұсынылғанын айтты.

 

Ұлттық компанияларға қосымша қаражат, халыққа олардан үлес

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының IPO-ға шығуы компанияның өзі үшін де, нарық үшін де және тұтынушылар үшін де – оң ықпалды үрдіс болмақ. IPO-ны жиі өткізу және оны табысты атқару – нарықтық құндылықтарды алға шығаратын, процестерді әділ және ашық таразылайтын, экономикасын әртараптандыруды мақсат еткен қоғамның көрінісі. Мемлекеттік құрылымның және квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың осы мақсатқа ұмтылуы қуантады. Уақыт өте келе Қазақстанда да инвестиция мәдениеті қалыпатсып, нарық әртараптанып келе жатыр. Демек, нарықтың жаңа трендтеріне ілесу – басты шарт.


Әрине, азаматтардың бәрі бірдей инвестор болып кетпейді. Бірақ қор нарығы қағидаларын кез келген адамның білуі, қаржылық тұрғыдан сауатты болуы, өз ақшасын өзі басқарып, ұлттық компанияларға талап қоя бастауы – дәл қазір бізге керек мақсат пен міндет. IPO өз кезегінде компания жұмысын да ашық ете бастайды. Түптің түбінде компанияның ел-жұрттан жасырар ештеңесі қалмауы тиіс. IPO – жабық есік жағдайында жұмыс істеп тұрған экономика механизмін бұзады. Ең бастысы IPO компаниялардың қаржылық жағдайын жақсартып, сонымен қатар халықтың сол дәулеттен үлес алуына мүмкіндік береді.