Экономикаға салынған инвестицияның бестен бірі бюджет ақшасы

Экономикаға салынған инвестицияның бестен бірі бюджет ақшасы

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2025 жылы республиканың негізгі капиталына салынған инвестицияның жалпы көлемі 22,7 трлн теңгені құрады. 2024 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 13% өскен.

Инвестиция ең көп өскен өңірлер: Ақмола облысы — 53,1%; Павлодар облысы — 47%-ға; Жамбыл облысы — 38,8%; Ақтөбе облысы — 32,4%; Алматы облысы — 29,4%.

Ал Атырау (15,1% төмендеу) және Қарағанды (8,6% төмендеу) облыстарында көрсеткіш кері кеткен. Барлық капиталдық салымның тең жартысы ірі және орта кәсіпорындарға тиесілі. Шығындар құрылымында ғимараттарды салу мен күрделі жөндеу (66,1%), сондай-ақ машиналар мен жабдықтарды сатып алу (29,4%) басым.

Қаржыландыру көздері ретінде субъектілердің өз қаражаты басым болып тұр — 13,9 трлн теңге немесе жалпы көлемнің үштен екісі. Бюджет қаражатының үлесі 21,9%-ды құрады, бұл ретте мемлекет салған салымдар бір жылда 14,5% өскен. Ал банк секторы экономиканың нақты секторына салынған барлық инвестицияның тек 4,5%-ын ғана қамтамасыз етті.

Бұған қоса, шетелдік банктерден алынатын несиелердің үлесі екі еседен астам азайған: 2024 жылғы 1,1%-дан 2025 жылы 0,5%-ға дейін төмендеді. Резидент еместерден алынған қарыз қаражатының үлесі бір жылда 3,2%-дан 3,4%-ға дейін аздап өсті.

Салалар бойынша өнеркәсіп 39,8% үлеспен көш бастап тұр. Тау-кен секторына — 14,1%, ал өңдеу өнеркәсібіне — 12,3% қаражат салынды. Жылжымайтын мүлік операцияларына — 18%, көлік және қоймалау саласына — 17,8% тиесілі. Инвестиция құрылымында білім беру саласының үлесі 5,6%, ауыл шаруашылығынікі 5,1% болды.