2022 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 2021 жылдың қаңтарынан бері БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалану туралы 1 325 680   өтінішін орындады.

Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,1 трлн теңгеден астам қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге.

Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (17,63%), Нұр-Сұлтан қаласының (13,98%), Маңғыстау облысының (10,36%) тұрғындары тарапынан жолданған.

Уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) шамамен 449,0 млрд теңге қаражат қайтарылды, себебі, сұраным иесінің өтініші және өзге де себептермен қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланбаған.

Сонымен қатар, БЖЗҚ емделуге берілген 300,2 млрд теңгеге 386 884 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,8 млн теңге.

Сонымен қатар, салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 31,2 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің қалауы немесе өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.

2022 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) шамамен 8,7 млрд теңге аударылып, БЖЗҚ 5 876 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы 1,5 млн теңге.

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша егжей-тегжейлі статистика enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде жарияланған.

Естеріңізге сала кетсек, БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылдың 3 ақпанындағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.