Жедел төлем жүйесі (ЖТЖ) операторы Aitu-Төлем Шешімдері компаниясы ҚХР төлем жүйелерімен интеграциялау бойынша қытайлық серіктестермен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Цифрлық даму министрлігі.
«Қытайдың AliPay және WeChat төлем жүйелерімен интеграция Қазақстан мен Қытай азаматтарына екі бағытта да оңай аударымдар жасауға мүмкіндік береді. Бұл туристер үшін қаржылық транзакцияларды айтарлықтай жеңілдетеді және компанияларға өзара тиімді төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бизнес үшін қолайлы жағдай жасайды», — делінген компания таратқан хабарламада.
Жүйелерді техникалық біріктіру жұмыстары жақын арада басталып, келесі жылы жаңа қызмет қазақстандық пайдаланушыларға қолжетімді болатыны түсіндірілді.
Меморандумға Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Global Digital Trade Expo халықаралық көрмесінде қол қойылды. Келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сауданы дамытуға мүмкіндік береді, сондай-ақ қаржылық операцияларды неғұрлым ыңғайлы және жылдам жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жедел төлем жүйесі телефон нөмірі арқылы әртүрлі банктер арасында аударымдарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ол Ұлттық банктің бастамасымен 2022 жылы іске қосылды. Қазір оған 10-нан астам банк қосылып, транзакциялардың жалпы көлемі 320 млрд теңгеден асты.