Жуырда Қазақстанда алғаш рет отандық стартаптың нарықтық құны 1 млрд доллардан асты. Higgsfield AI компаниясы ресми түрде «пырақ» (unicorn) мәртебесін иеленген еді. Higgsfield AI — мәтіннен кино жасауға мүмкіндік беретін ЖИ-платформа. Компания генеративтік видео және сурет жасау технологиясын дамытып келеді. Higgsfield AI көмегімен қарапайым мәтін мен суреттен кинематографиялық деңгейдегі бейнеролик жасауға болады.

Әлемдік тәжірибеде «юникорн» деп нарықтық құны 1 млрд доллардан асқан технологиялық компанияны атайды. Мұндай мәртебе стартаптың идеядан бастап алғашқы клиенттерге дейінгі жолды сәтті өтіп, ірі венчурлік қорлардың сенімін иеленгенін білдіреді. НАРЫҚ  тілшісі потенциал «пырақ» стартаптарды зерттеп көрді. 

Келесі «пырақтар»: кімнің әлеуеті жоғары?

CodiPlay — мектеп оқушыларын ойын форматы арқылы цифрлық дағдыларға баулитын экожүйе.

2021 жылдан бері балалар өздерінің IoT-құрылғыларын – «смарт үйлерден» бастап дрондарға дейін – жасап, C++, Scratch және Python тілдерінде бағдарламалауды меңгеріп келеді. 

Платформа Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Әзербайжан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Сауд Арабиясы және Катар елдерінде кеңінен қолданылуда. 

Экожүйеге сондай-ақ робототехникаға арналған CodiKit жиынтықтары және мұғалімдерге арналған CodiTeach онлайн-құралы кіреді. Соңғысы педагогтарға оқу бағдарламаларын әзірлеуге және басқаруға мүмкіндік береді. 

2025 жылдың басында А сериялы инвестициялық раунд барысында CodiPlay 100 млн долларлық бағалаумен 9 млн доллар қаржы тартты. Бұл қаражат компанияға MENA аймағында – әсіресе БАӘ, Сауд Арабиясы мен Катарда – ауқымын кеңейтуге жол ашады. Алдағы екі жылда стартап өз экожүйесіне 3000 мектепті қосып үлгеруді жоспарлап отыр.

Arlan Biotech — дәрі-дәрмек әзірлеуді жеделдететін генеративті ЖИ платформасын жасап жатыр. 

Жүйе ақуыз нысандарына сай антиденелерді бірнеше минутта анықтап, зерттеу мерзімін айлармен қысқартады және фармкомпания шығынын миллиондаған долларға үнемдейді. Технология стартаптың өз ЖИ моделі мен синтетикалық биомедициналық деректеріне сүйенеді, бұл ондаған өнімді қатар әзірлеуге жағдай жасайды.

Cybernet.ai — 12 тілде жұмыс істейтін дауыс агенттерін жасайтын стартап. Колл-орталықтар мен клиенттік сервистерді автоматтандырып, Қазақстан, АҚШ және Таяу Шығыс нарықтарында жұмыс істеп тұр.

Surfaice — AI мен SaaS шешімдерін біріктіретін жаңа буын технологиясын әзірлеп жатыр. Компания АҚШ пен Еуропа нарығына шығуға дайындық үстінде.

Grand Mobile (Grand Games студиясы) — Өскеменде басталып, бүгінде әлем бойынша 70 млн қолданушысы бар мобильді онлайн-ойын ТМД және бірқатар еуропалық елде жетекші орынға шыққан. Astana Hub экожүйесінің қолдауы арқасында жоба халықаралық нарыққа табысты шығып, Astana Hub Ventures қорынан инвестиция тартып, жаңа аймақтарға кеңейіп келеді.

«Осындай компаниялар қазірдің өзінде жаһандық деңгейде танылып, юникорн мәртебесіне жетуге нақты әлеуетке ие. Бірақ стартаптар әлемінде бәрі тез өзгереді — сұраныс, технология және тартымдылық шешуші рөл атқарады», — дейді Astana Hub мамандары.