Halyk пен Ailat стартап-компаниясы Қазақстанда исламдық қаржы қызметтерін дамыту мақсатында әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Келісімнің арқасында осы уақытқа дейін исламдық депозиттермен ғана шектеліп келген қазақстандықтар қаражатын көбейтудің тағы бір құралына ие болады.
Halyk SuperApp қосымшасындағы Halyk Invest сервисінде халал акцияларға арналған жаңа бөлім пайда болды. Қазірол пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Қолжетімді бағалы қағаздардың шариғат талаптарына сәйкестігі тұрақты түрде тексеріліп отырады. Ал инвесторлар акцияларды өздерінің инвестициялық мақсаттары мен тәуекелдеріне қарай таңдайалады.
«Біз клиенттердің әртүрлі қажеттіліктерін ескере отырып, Halyk Invest-ті дамытуды жалғастырып келеміз. Ailat компаниясының скрининг жүйесін пайдалана отырып, ислам нормаларына сәйкес іріктелген акциялардың арнайы топтамасын іске қосып отырмыз. Бұл инвестициялық мүмкіндіктерді әрбір клиент үшін қолжетімді ету жолындағы тағы бір маңызды қадам», – деді Halyk брокерлік басқармасының басшысы Назар Ердосов келісім туралы.
Ailat компаниясының негізін қалаушы Азат Өтепбайдың айтуынша, Halyk-пен ынтымақтастық Қазақстанда этикалық, оның ішінде исламдық инвестициялардың қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам.
«Еліміздегі миллиондаған клиенттік базасы бар ең ірі банк бағалы қағаздарды скринингтен өткізу мен саналы инвестициялауды қалың көпшілікке қолжетімді етуге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде инвесторлар өз қаражатын неге салатынын және бұл инвестициялардың өз ұстанымдарына сәйкес келетін-келмейтінін түсінгісі келеді. Ailat бұл сұранысты AI-скрининг, сараптамалық әдістеме және деректер сапасын тұрақты бақылау арқылы қамтамасыз етеді. Біз бұл әріптестікті капиталды нақты экономикамен және тұрақты дамумен байланысты құралдарға бағыттау мүмкіндігі деп қарастырамыз», – деді Азат Өтепбай қол қойылған меморандум туралы.
Халал акция дегеніміз не?
Бұл – қызметі мен қаржылық көрсеткіштері ислам нормаларына сәйкес келетін компаниялардың акциялары. Мұндай бағалы қағаздарды іріктеу кезінде компания қызметінің бағытына, сондай-ақ қарыз көлемі мен пайыздық кірістердің рұқсат етілген деңгейіне қойылатын талаптар ескеріледі.
Акциялар қалай іріктеледі?
Инвесторларға компаниялардың шариғат талаптарына сәйкестігін өз бетінше талдаудың қажеті жоқ. Ailat компаниясы аудиттен өткен қаржылық есептілік жарияланғаннан кейін тоқсан сайын тексеру жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша белгіленген талаптарға сәйкес келетін акциялардың тізімі жаңартылып отырады.
Скрининг әдістемесі Accounting and Auditing Organization for Islamic Financial Institutions (AAOIFI) халықаралық стандарттарына негізделген.
Мына салаларға қатысты компаниялар автоматты түрде тізімнен шығарылады:
дәстүрлі банк қызметі;
сақтандыру;
алкоголь;
шошқа еті;
құмар ойындар;
порнография;
музыка;
қонақүй бизнесі;
киноиндустрия;
адамды клондау.
«Таза емес» табыс болса ше?
Halyk Invest түсіндіруінше, компания аралас қызмет түрлерімен айналысқан жағдайда да оған инвестиция салуға болады. Бұл ретте тыйым салынған қызмет түрлерінен түсетін табыс компанияның жалпы кірісінің 5 пайызынан аспауы керек.
Егер компания шариғат нормаларына сәйкес келмейтін қызметтен жалпы кірісінің 5 пайызынан аспайтын көлемде табыс тапса, дивидендтердің соған сәйкес бөлігі «таза емес» табыс ретінде есептеледі. Бұл сома қайырымдылыққа бағытталады. Осылайша инвестордың табысы исламдық қаржы қағидаттарына сәйкес «тазартылады».