Қазақстандағы автомобильдердің 48,3%-ы – 20 жылдан астам қолданыста жүргендер. Ел автопаркі ескірген, оны жаңартудың жолдарын қарастыру маңызды. Бұл туралы «Такси Қазақстан 2024» форумында Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева мәлімдеді. 

Оның айтуынша, бүгінгі мақсат – көлік санын көбейту емес, ескі машиналарды қолданыстан шығару. Алайда, осы шараларды жүзеге асыру үшін елімізде нақты тетіктер жоқ, дейді спикер. Халық тозығы жеткен көлік жүргізуді жол-көлік оқиғасына тап болған жағдайдан соң ғана тоқтатады екен. Бұл ретте, одақ басшысы ел автопаркіндегі жаңа машиналар үлесі небары 6% екенін алға тартты.

«2016-2017 жылдары автопарктегі жаңа көліктер үлесі 16%-ға дейін жеткен еді. Бұған көлік легализациясы үрдістері оң әсер еткен-ді. Алайда, алдыңғы екі жыл қатарынан Қазақстанға кірген көліктердің дені ескі болды. Өкініштісі сол, 2022-2023 жылдары елге 20 жылдық тарихы бар 300 мың көлік әкелінген. Олардың қатарында он жылдан астам эксплуатациясы бар көліктер де бар. Сол себепті автопарк үлесі ескі көліктермен толықты. Одақ ретінде біз Қазақстанға жаңа автомобильдердің келуін үгіттейміз», — деді Анар Мақашева. 

Анар Мақашеваның сөзінше, нарықтың жаңаруы елдің экономикалық әлеуетіне, тұтынушылардың сатып алушылық қабілетіне байланысты. Бұған қоса, мәселе көлік алғысы келетіндерге ұсынылатын лизингтік, несиелік бағдарламалардың тиімділігіне қатысты. Автокөлік одағының президенті биыл елде 190 мың көлік сатылатынын жобалады.