Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Мәжілістегі «Жаңа индустриялық саясат – өңдеу өнеркәсібін дамытудың сапалы жаңа моделі» атты үкімет сағатында автомобиль өнеркәсібінде кезең-кезеңмен көшу үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы айтты.
«Автокөлік өндірушілер 2027 жылға қарай шағын бөлшектерді құрастыру үлесін (CKD) жалпы өндірістің 50%-ға дейін ұлғайтуға міндетті. Биылдың өзінде 20%, келесі жылы 30%, 2026 жылы 40%-ға жетуіміз керек», — деді Қанат Шарлапаев.
Бұл ретте Қостанай және Алматы қалаларындағы шағын индустриялық аймақтардың учаскелерінде автомобиль құрамдас бөліктерінің базасын дамыту жобалары әзірленуде.
«Орындық өндірісі бар, қытайлық автокөліктерді шығаратын мультибрендті зауыт салу жобасы жүзеге асырылуда. Зауыттың өндірістік қуаты 90 мың бірлік, жобаның құны 182 млрд теңге. Сонымен қатар, пластикалық бөлшектер мен көліктерге арналған мультимедиялық жүйелерді шығаратын кәсіпорындарды пайдалануға беру жоспарлануда. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда шығарылатын әрбір автокөлік маркасында дәнекерлеу және сырлау бойынша техникалық операциялар игерілетін болады», — деді ол.
2027 жылға қарай шағын жинақтау әдісімен 200 мыңға жуық автокөлік шығару жоспарлануда.
Ол «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің шығарылатын автокөліктер желісі Jetour брендімен (2024 ж.) толықтырылғанын, чехиялық Skoda компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты. Astana Motors компаниялар тобы 2025 жылға дейін іске қосылуы жоспарланған өндіріс желісін ұйымдастыру үшін танымал қытайлық брендтер – Changan, Chery, Haval-ды тартты.