Kassa Nova банкінің аты ауысқалы жатыр.
Фридом Финанстың Kassa Nova банкін сатып алу процесі аяқталды. Енді банк «Қазақстан Фридом Финанс Банкі» болып аталмақ. Банк жеке тұлғалармен жұмыс істеуін жалғастыра бермек.
Freedom Holding Corp. CEO-сы Тимур Турловтың айтуынша, бұл қаржы ұйымы Фридом Финанс клиенттеріне жедел қызмет көрсетпек және инвестициялау мүмкіндіктерін арттырмақ.
Тимур Турловтың айтуынша, Қазақстанда жеке тұлғалармен жұмыс істейтін банк өте аз, сондықтан бұл банк жеке тұлғалармен жұмыс істеуін жалғастыра бермек. Бұл туралы банк басшысы әлеуметтік желідегі эфирінде айтты.
Бұрын Тимур Турлов аталған банктің бірінші кезекте инвестициялық банк ретінде жұмыс істейтінін айтқан еді. Сонымен қатар банк негізінде қазақстандық брокерлерге кастиодалды қызмет көрсетпек.
Айта кетейік, Freedom Holding Corp. құрамындағы «Фридом Финанс» АҚ Kassa Nova банкін сатып алатынын 2020 жылдың тамыз айында хабарлаған еді. Ал желтоқсанның 21-і тиісті рұқсатты алған.
АҚШ Құнды қағаздар және биржа комиссиясының мәліметінше Freedom Holding Corp. банктің 9,3 млн қарапайым акциясын 41 млн долларға сатып алатынын хабарлаған еді.
Келісімшарт шартына сай, ақырғы сома өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар Freedom Holding Corp. Болат Өтемұратовтан 2,4 млн долларға 1 млн артықшылықты акциясын сатып алмақшы еді.
Айта кетейік, Kassa Nova банкі Forte Bank-тің үлескер ұйымы еді.
Kassa Nova банкінің қарапайым акциялары Forte Bank-ке тиесілі болса, артықшылықты акциялары Болат Өтемұратовтікі еді.
ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, 2020 жылдың желтоқсан айы басында Kassa Nova банкінің активі шамамен 91,6 млрд теңгені құрады.