Жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттық туралы өтініштерін қабылдау 2023 жылдың 3 наурызынан басталды. Заңмен белгіленген алты ай өтіп, 4 қыркүйекте алғашқы қазақстандықтар банкрот мәртебесін алды. Қазіргі уақытта олардың саны – 302.
Банкроттардың берген өтініштері бойынша қарыздың жалпы сомасы шамамен 708,5 миллион теңгені құрады. Яғни, орташа есеппен бір адамға 2,3 миллион теңгеден сәл артық.
Бұл ретте қарыздың ең жоғары сомасы 106,5 млн теңгені құрады. Бұл өтініш Алматы қаласында берілген.
Бірақ ең төменгі соманы қарау әлдеқайда қызық: Қарағанды облысында несие бойынша қарызы небәрі 48,5 мың теңгені құраған азамат өз еркімен банкрот деп танылды!
5 қыркүйек күні сағат 13:00-де жаңартылған (бұл маңызды, өйткені алдыңғы жазбадан кейін тізімге тағы 6 адам қосылды) тізім бойынша:
- Банкрот болғандардың көбі Алматыда. Бұл мәртебені 51 адам алды, яғни жалпы санының әрбір алтыншысы. Одан кейін Қарағанды (34) және Алматы (24) облыстары тұр.
- Жалпы республиканың барлық өңірлерінде банкрот болғандар бар. Ең азы (әзірше) – Солтүстік Қазақстанда (3) және Шығыс Қазақстанда (4).
- Қарыздың ең жоғары орташа мөлшері Батыс Қазақстан облысында. Мұндағы көрсеткіш 8 миллион теңгеге жуықтады.
- Ең төменгі орташа қарыз сомасы Түркістан (883 мың теңге) және Абай (998,9 мың теңге) облыстарында банкроттарға тиесілі.
- Банкрот мәртебесін алған ең қарт қазақстандық 64 жаста. Ең кішісі 23 жаста.
- Банкрот болғандадың жартысына жуығы 1983-1991 жылдар аралығында туғандар.
- Барлығы 5 қыркүйектегі жағдай бойынша соттан тыс банкроттыққа 64,6 мың өтініш берілген. Бірақ басым көпшілігіне (51,4 мың) бас тартылды.