Пәкістанның The News International газеті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатын жариялады. Мемлекет басшысы Пәкістанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары барысында 60-тан астам үкіметаралық және іскерлік келісімге қол қойылғанын атап өтті. Бұл құжаттар екіжақты ынтымақтастыққа қуатты серпін беруге тиіс.

«Экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттары – көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және өндіріс, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да көптеген салалар. Бірлескен кәсіпорындар құру және өзара тиімді жобаларды іске асыру арқылы екі елдің компаниялары үшін үлкен мүмкіндіктер ашылады деп есептеймін. Біздің басты басымдықтарымыздың бірі – екіжақты тауар айналымының көлемін айтарлықтай арттыру», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында.

Сондай-ақ, ол экономикалық іс-қимыл мен өңірлік өзара байланысты нығайту әріптестіктің басты бағыттары екенін баса айтты.

«Өңірлік өзара байланыс шын мәнінде біздің ортақ күн тәртібіміздегі негізгі мәселелердің бірі. Қазақстан Қазақстан – Түркменстан – Ауғанстан – Пәкістан дәлізін дамытуға қатысуға дайын. Біз бұл жобаны өңірлік интеграция мен Оңтүстік Азия нарықтарына шығу үшін стратегиялық маңызды деп санаймыз. Пәкістанның да осы стратегиялық маңызды бағытта тығыз ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық танытып отырғаны қуантады», – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев транзиттік-көлік жобаларын сәтті жүзеге асыру үшін барлық мүдделі тараптардың белсенді әрі үйлесімді қатысуына үміт артатынын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі экономика болып қала беретінін атап өтті. Президенттің мәліметінше, елдің ЖІӨ-сі 300 млрд доллардан асты, ал жан басына шаққандағы табыс тарихи максимумына жетті.

«Біздің инвестициялық саясатымыз тұрақты, ашық және болжауға болатын іскерлік ортаны сақтауға бағытталған. Сонымен қатар, біз жасанды интеллект пен озық технологияларды енгізе отырып, Қазақстанды толықтай цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойдық. Сондай-ақ, Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретінде қалыптастыруға тырысамыз және шетелдік инвесторлармен тығыз ынтымақтастықта елдің энергетика саласын ауқымды жаңғыртудан өткізіп жатырмыз. Мұның бәрі жиынтық түрде біз таңдаған даму жолын көрсетеді: бұл – әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, технологиялық тұрғыдан жетілген, әртараптандырылған және халқымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған экономика», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.