Қазақстан енді Қытайға шошқа етін экспорттай алады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайдың Бас кеден басқармасы қол қойған шошқа етін тексеру, карантин және қауіпсіздік талаптарын реттейтін хаттамада көрсетілген. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бұл маңызды қадам, себебі бұған дейін Қазақстаннан Қытай нарығына шошқа еті жеткізілмеген және бірде-бір қазақстандық кәсіпорын ҚХР-ға шошқа етін экспорттауға рұқсат алмаған еді. Жаңа хаттама шошқа етін, оның ішінде мұздатылған және салқындатылған етті ғана емес, сонымен қатар қосалқы өнімдер мен термиялық өңдеуден өткен өнімдерді де жеткізуге мүмкіндік береді», – деп нақтылады министрлік.

Ведомствоның мәліметінше, құжатқа қол қою екіжақты сауданы дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады және Қазақстанның шошқа шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін нығайтуға ықпал етеді. Экспорт көлемін ұлғайту кәсіпорындардың жүктемесін арттырып, ауылдық аймақтардың дамуын қолдайды.

«Бұл хаттама – Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық және сауда байланыстарын дамытудағы, сондай-ақ қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің халықаралық нарықтарда кеңеюіндегі кезекті қадам», – деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы өнімнің халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай болуын қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты күшейтуге келісті.