Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда. Кім озып бара жатыр?

Қазақстан Өзбекстаннан импортына қарағанда оған экспорты үш есе көп. 

Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастығының III форумы өтіп жатыр. 

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап акциздерді алып тастауы елдер арасындағы тауар айналымының өсуіне оң әсер еткені анық. Атап айтқанда, әлеуетті экспорттық тауарлар тізбесінің 64 атауынан ($327,6 млн.) ағымдағы жылдың басынан бері қазақстандық экспорттың 65,6% - ға немесе $141,7 млн. - ға өсуі байқалады, ал акциздерді алып тастаудың арқасында бұрын акцизге түскен қазақстандық тауарлардың экспорты 2 есеге жуық өсті.

Жалпы, ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы өзара сауда көрсеткіштерінің оң серпінін көрсетті. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өзара сауда өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 28,5% - ға өсіп, $2,9 млрд ($2,2 млрд) құрады. Экспорт 30,1% - ға өсіп, $2 млрд құрады, Импорт 24,3% - ға өсіп, $0,8 млрд құрады.

2020 жылдың статистикасына қарайтын болсақ, Қазақстан Өзбекстаннан 780 млн доллардың тауарын импорттаған. Көрсеткіш 2018 жылы 845 млн доллар болса, 2019 жылы 766 млн долларды құрады. 

Соның ішінде 2020 жылы 181 млн долларға автокөлік пен темір жол көлігін және олардың бөлшектерін, 145 млн долларға жеміс-жидек, 80 млн долларға көкөніс, 50 млн долларға пластмассалар мен олардан жасалатын бұйымдар, тағы 50 млн долларға минералды отындар, минералды майлар және оларды айдау өнімдерін сатып алған. 

Ал Қазақстан 2018 жылы 1 млрд 643 млн доллардың тауарын, 2019 жылы 1 млрд 981 млн доллардың, 2020 жылы 2 млрд 133 млн доллардың тауарын экспорттады. 

Соның ішінде 2020 жылы 646 млн долларға астық, 341 млн долларға темір және болат, 259 млн долларға минералды отындар, минералды майлар және оларды айдау өнімдерін, 121 млн долларға аллюминий мен одан жасалатын бұйымдар, 120 млн долларға автокөлік пен темір жол көлігі және олардың бөлшектерін, 101 млн долларға тұз, күкірт, топырақ және тас, сылақ материалдары, әк және цемент экспорттаған. 

Жалпы көрсеткіш бойынша да, соңғы жылдардағы динамика бойынша да Қазақстанның Өзбекстанға экспорты көбейіп келе жатыр. Соның ішінде тек шикізат емес, өңдеу өнеркәсібінің заттары да сатылуда. Ал Өзбекстаннан кіретін импорт бірде көбейіп, бірде кемуде.