Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның Новороссийск ауданындағы Каспий Құбыр Консорциумының теңіз инфрақұрылымына жасалған шабуылға қатысты Украина тарапымен байланыста екенін хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстан сыртқы істер министрінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесі жұмысына қатысу үшін Венаға барған сапары кезінде КҚК тақырыбы қозғалған.
«Қазақстан Сыртқы істер министрі Ермек Қошербаев Венаға барған сапарында өзінің украиндық әріптесімен кездесу өткізді. Өкінішке қарай, мен бұл кездесуде болған жоқпын, бірақ жақын жерде едім және КҚК бойынша бұл мәселе міндетті түрде талқыланғанына сенімдімін», — деді Смадияров.
Ол СІМ бұл бағыт бойынша қосымша түсініктеме бермейтінін баса айтты.
«Украина тарапымен байланысты қолдаймыз, жұмысты жабық дипломатиялық арналар арқылы жалғастырамыз», — деді ведомство өкілі.
Айта кетсек, Каспий құбыр консорциумының Ресейдің Новороссийск қаласындағы теңіз терминалының әкімшілік корпусы дрон шабуылы салдарынан зақымданып, мұнайды экспортқа тиеу тоқтаған еді. Одан кейін бір күннен соң теңіз терминалында экспортқа мұнай тиеу қайта басталғаны хабарланды.
29 қарашада Ресейдің Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына экипажсыз қайықтармен жасалған шабуыл салдарынан екінші жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданды. ҚР Энергетика министрлігінің КҚК теңіз терминалындағы жағдайға арналған ресми түсініктеме беріп, мұнай экспорттауға КҚК-дан басқа жол іздеп жатқанын мәлімдеді.