Қараша айында Астанада қайталама нарықтағы пәтер бағасы бір айда бірден 4,8% өсті. Алматыда жаңа үйлердегі тұрғын үй бағасының өсімі кейінгі екі жылдағы рекордтық деңгейге жетіп, бір айда 3,5% қымбаттады. Бұл туралы DATA-Hub сарапшылары жазды.

Астанадағы жағдай

Елордада жаңа пәтерлердің бағасы қазан айындағы үзілістен кейін қарашада бірден 3,2% өсті. Пәтерлердің орташа құны бір шаршы метрі үшін 671 мың теңге болды.

Бұл ретте, Астананың қайталама нарығындағы өсім одан да көп – 4,8%. Бұл 2024 жылдың ақпанынан бергі ең үлкен көрсеткіш. Елордадағы ескі тұрғын үйдің орташа бағасы қарашада бір шаршы метрі үшін 711 мың теңгеге жетті.

Жалға алуға келетін болсақ, оған бір айда 4% қосылды. Астанада пәтерді жалға алу орташа есеппен бір шаршы метрі үшін 5,5 мың теңгеге шығады.

Алматыдағы пәтер бағасы

Алматыда бастапқы нарықтағы баға өсімі де жеделдеп, қазандағы 2,9%-ға қарсы бір айда 3,5%-ға жетті. Бұл кейінгі екі жылдағы – 2023 жылғы қыркүйектен бергі айтарлықтай үлкен өсім. Жаңа үйлердегі тұрғын үйдің орташа құны бір шаршы метрі үшін 690,7 мың теңгеге жетті.

Қайталама нарықтағы бағалар да өсті, бірақ соншалық көп емес – 2,1%, яғни алдыңғы айдағы деңгейде қалды. Бұрынғы иелерінен сатып алынған пәтердің орташа бағасы бір шаршы метрі үшін 731,5 мың теңгені құрайды.

Жалға алу бағасы 2,6% өсіп, бір шаршы метрі үшін 5,8 мың теңгеге жетті.

Басқа қалалар

Жаңа үйлердегі тұрғын үй бағасы бір айда Ақтөбеде – 4,3% (бір шаршы метр үшін 327,5 мың теңге), Көкшетауда – 2,1% (340 мың теңге) және Талдықорғанда – 2,3% (383 мың теңге) қымбаттады.

Қайталама нарықтағы пәтер бағасы Ақтөбеде – 2,7% (бір шаршы метрі үшін 363 мың теңге) және Көкшетауда – 2,1% (348 мың теңге), сондай-ақ Қостанайда – 2,7% (419 мың теңге), Павлодарда – 1,7% (441 мың теңге) және Семейде – 1,4% (440 мың теңге) өсті. Алматы мен Астанадан бөлек, қалалар арасындағы көшбасшы баға бірден 4%-ға өскен Қызылорда (325 мың теңге) болды.