Қазақстандағы тоғыз банк депозиттер бойынша 20% жылдық тиімді сыйақы мөлшерлеме ұсынып отыр. Мұндай салымдардың мерзімі көбіне 3 немесе 6 айды құрайды, бірақ ерекшеліктері де бар.

Сонымен, 20% жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін ұсынатын банктер: Freedom, Bereke, Еуразиялық банк, Kaspi, Home Credit, ЦентрКредит Банкі, Forte және KMF. Ал Zaman-да 36 айға арналған, жылдық тиімді табыстылығы 20% болатын депозит бар.

Әр банктегі мұндай депозиттердің шарттары әртүрлі. Мысалы, Bereke Bank-тен жинақ ашу үшін кемі 5 миллион теңгені үш айға салуыңыз керек.

Ал Еуразиялық банкте табыстылығы жоғары депозитті небәрі 1 мың теңгемен ашуға болады. Онда да мерзімі - 3 ай. Жинақ депозиті болғандықтан, мерзімі аяқталғанша ақшаны ішінара алуға болмайды.

Kaspi-де 20% депозит ашу үшін 150 мың теңге қажет. Оның да мерзімі 3 айды құрайды және мерзім аяқталған соң автоматты түрде ұзартылып отырады.

Home Credit Bank-те 20% мөлшерлемесі тек жинақ депозиті бойынша 3 ай мерзімге беріледі. Бұл депозиттің басты шарты — ақшаны мерзімі аяқталғанша ішінара алуға болмайды, егер шұғыл жапсаңыз, жиналған пайыздар күйіп кетеді. Оны мобильді қосымша арқылы 1000 теңгемен-ақ ашуға болады. 

ЦентрКредит банкінде мұндай депозитті 2-6 айға ашуға болады. Ақшаны ішінара алуға рұқсат етілмейді — ақшаны тек депозитті толық жауып қана ала аласыз. 

Forte-де де ең жоғары мөлшерлеме 3 және 6 айлық мерзімге ашылады. Ақшаны ішінара алуға болмайды. Ең аз сомасы — 100 000 теңге. Егер депозитті мерзімінен бұрын жапсаңыз, сыйақы мөлшерлемесі 0,1%-ға дейін төмендейді және ақшаны алу үшін 30 күн бұрын өтініш беру керек болады.

KMF жақында ғана банк лицензиясын алып, депозиттер нарығына белсенді араласа бастады. Бұл банк 6 айға ашқан жағдайда жоғары пайыз береді. Бұл да жинақ депозиті, сондықтан ақшаны ішінара шешу қарастырылмаған. Минималды сома — 100 000 теңге. Сыйақы ай сайын капитализацияланады немесе мерзім соңында төленеді.

Zaman Bank ислам банкі болғандықтан, пайыздық депозит деген ұғым жоқ, оның орнына «Вакала» инвестициялық депозиті жұмыс істейді. Табыс банктің инвестициялық қызметінен түскен пайдаға байланысты бөлінеді. Минималды сома — 50 000 теңге. 

Айта кетсек, 16 қазанда Қазақстан тарихында депозит бойынша ЖТСМ-ді 20%-ға дейін көтерген алғашқы банк Freedom болды.