Фото: Алексей Народитский
Кәсіпкер, меценат және коллекционер Нұрлан Смағұлов негізін қалаған заманауи өнер мұражайы 2025 жылдың 12 қыркүйегінде көпшілік үшін ресми түрде есігін ашады. Бұл оқиға еліміздің және бүкіл өңірдің мәдени өмірінде жаңа тараудың басталғанын білдіреді.

Аумағы 10 060 м² құрайтын мұражай ғимаратын британдық Chapman Taylor сәулет фирмасы жобалаған. Бірінші қабатта кең көрме алаңдары, оның ішінде «Ұлы Дала» (аумағы 1000 м² және төбе биіктігі-12 м) және «Сарыарқа» (520 м²) залдары орналасқан. Сондай-ақ әйгілі суретші Ричард Серраның жұмысына арналған аумағы 550 м² құрайтын зал да бар. Мұражай ғимаратында кең көрме залдары ғана емес, сонымен бірге Шарын шатқалының табиғи сипатын көрсететін, аумағы 1112 м² жарық орталық кеңістік — «Өнер көшесі», «Әл-Фараби» көпфункционалды залы, кәсіби қор сақтау орны, қалпына келтіру залы және «Шеберхана» шығармашылық кеңістігі бар. Сондай-ақ, келушілерге арналған кафе мен дүкен де қарастырылған.

Екінші қабат заманауи шеберлердің экспозицияларына берілді. Келушілер Яйои Кусама, Билл Виола және Ансельм Кифер сияқты көрнекті суретшілердің туындыларын тамашалай алады. Сонымен қатар, екінші қабатта «Алатау» және «Әл-Фараби» залдары орналасқан.
Соңғысы 180 м2 көлемдегі бірегей өзгермелі кеңістікті құрайды, бұл оны әртүрлі іс-шаралар мен экспозицияларға бейімдеуге мүмкіндік береді.

Ғимараттың сәулетін британдық Chapman Taylor бюросы әзірлеген, инженерлік жүйелерге Buro Happold, мұражайды жоспарлауға Lord Cultural Resources мамандары жауапты болды. Мұражайдың визуалды бейнесі тау ландшафты мен заманауи қаланың үйлесіміне негізделген. Ғимараттың сәулет тұжырымдамасы екі L тәрізді құрылымнан тұрады: оның бірі Юра дәуірінің әктастарымен қапталған – бұл таулардың табиғи қуатын бейнелейді, ал екіншісі қазіргі қаланың қарқынды ырғағын көрсететін алюминий панельдермен жабылған.
Мұражайдың жасыл желекке оранған аумағында ашық аспан астындағы мүсіндер, субұрқақтар мен демалыс аймақтары орналасқан. Олар өнер мен жайлы демалыс үшін тамаша үйлесімді орта қалыптастырады.

Almaty Museum of Arts өзінің негізін қалаушы Нұрлан Смағұловтың ерекше топтамасын ұсынады. Нұрлан Смағуловтың жеке коллекциясынан Қазақстан, Орталық Азия және басқа елдерден 700-ден астам өнер туындысы мұражай қорына таңдап алынды.
Біздің миссиямыз – Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің дамуына қолдау көрсетіп, оның әлемдік мәдениеттегі орнын айқындау. Мұражай өткенімізді зерттейтін, бүгінімізді талқылайтын және болашаққа батыл қадам жасайтын динамикалық мәдени кеңістік ретінде құрылған. Бұл жобаның көркемдік стратегиясы мен бағдарламалық тұжырымдамасы мұражайдың көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиеваның жетекшілігімен дайындалды.

«Өнер менің өміріме үлкен әсер етті. Сондықтан мен Almaty Museum of Arts мұражайы басқаларға да осындай шабыт пен жанашырлық сыйлайды деп шын жүректен үміттенемін. Келушілердің алғашқы пікірлері аймақтың мәдени мұрасын сақтаумен қатар, оның болашағы туралы ойлануға мүмкіндік беретін кеңістіктің маңыздылығын көрсетіп отыр. Мұндай ыстық ықылас мені шабыттандырады және мұражай білім, ашық диалог пен жаңа бастамалардың ордасына айналады деген сенімімді нығайта түседі», – деді музейдің негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.