Өткен апта жаһандық қор нарығы үшін тарихи кезеңдердің бірі болуы мүмкін. Индекстер бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Дегенмен, осы рекордтық көрсеткіштердің артында тұрақтылық тұр ма, әлде жаңа құлдыраудың алдындағы тыныштық па деген сұрақ туындайды, деп жазады нарыққа апталық шолуында ITS биржасы сарапшылары.
Аптаның қорытындысында америкалық барлық негізгі индекс рекордтық межелерді жаңартты. Ең маңыздысы – S&P500 индексі 6500 пункттік белгіден асты. Бұл – нарық үшін символдық әрі психологиялық тұрғыдан үлкен жетістік. Апта соңында кей индекстер сәл төмендеді: АҚШ нарығы орта есеппен 0,1–0,2% жоғалтты. Алайда бұл төмендеу аса мән берерлік деңгейде емес. ITS World индексі аз да болса (+0,01%) өсім көрсетті.
Жалпы нарықтағы эйфорияға қарамастан, салалық динамика алаңдаушылық туғызды. 11 сектордың тек төртеуі ғана апта бойы өсім көрсетті. Қалғандары теріс аймақта жабылды. Мұнай мен алтын бағасының өсуі кей секторды құтқарып қалды. Бірақ басты көңілсіздік – технология саласында. Ол бір апта ішінде орта есеппен 1,12% төмендеді.
«Мұндағы ең маңыздысы – индекстердің аздап төмендеуі емес, қайта олардың барлығы кезекті рет тарихи максимумды жаңартқаны. Ал басты жаңалық – АҚШ нарығының негізгі бенчмаркы саналатын S&P500 индексінің 6500 пункттік межеден асуы. Бірақ бұл – медальдің бер жағы ғана. Салалық тұрғыда ахуал анағұрлым алаңдатарлық. 11 сектордың тек төртеуі ғана апта қорытындысында өсім көрсетті. Мұнай мен алтын бағасының көтерілуі болмаса, апта нәтижесі одан да нашар болар еді», – дейді сарапшылар.
Dell Technologies (DELL) мен NVidia (NVDA) акциялары күтпеген жерден құлдырады. Бұл компаниялардың кварталдық есебі нашар болмағанымен, шығындардың артуы мен жасанды интеллектке байланысты қатаң бәсекелестік инвесторларды алаңдатты.
«Ол ең әлсіздерінің қатарында қалып, бір аптада орташа есеппен 1 пайыздан астам (-1,12%) жоғалтты. Екі компания да кварталдық есептерін жариялағаннан кейін қысымға түсті. Чип пен сервер өндірісіндегі жоғары шығындар компаниялардың оптимистік болжамын көлеңкеде қалдырды. Сарапшылардың айтуынша, алдағы айларда бұл үрдіс технологиялық сектор үшін маңызды сынақ болмақ», – дейді мамандар.
Әзірге жағдай аса қорқынышты емес, бірақ бұл – жағымсыз белгі. Инвесторлар алдыңғы қатарлы технокорпорациялардың AI бағытындағы шектен тыс шығындарына шындап алаңдай бастаған секілді. Бірақ расында солай ма, жоқ па – мұны уақыт көрсетеді.
Пайда мен тәуекел қатар жүретін қазіргі жағдайда инвесторлар абай бола бастады. Нарық рекордтық деңгейде тұр, бірақ сарапшылардың көбі «жақын айларда құбылмалы жағдай артады» деген пікірде.
«Әзірше бәрі жақсы: индекстер – жоғары, инвесторларда оптимизм басым, ал нарық – сенімді қадаммен күзге аяқ басты. Бірақ бір айдан кейін не болатыны ашық сұрақ», – деді мамандар.

Нарыққа болжам
Қыркүйек айының қор нарығындағы бастамасы күткендегідей сәтсіз өтті. Тарихи деректерге сүйенсек, қыркүйек акциялар үшін ең қиын ай саналады. Соңғы бес жыл ішінде дәл осы кезеңде S&P 500 индексі орта есеппен 4,2% төмендеген. Сондықтан бұл жолы да ең нашар сценарийге дайын болу керек.
Алдағы апта қысқа болды, себебі дүйсенбіде америкалықтар Еңбек күнін атап өтті. Осылайша сейсенбіде нарық ұзақ демалыстан кейін ашылды. Бірақ үш күндік үзіліс өткен апта соңында қалыптасқан пессимистік көңіл-күйді жақсарта алмады.
Нарықтағы сенімсіздікті одан әрі күшейткен – жұма күні кешке Федералды апелляциялық соттың шешімі. Ол Дональд Трамптың енгізген жаһандық тарифтерінің басым бөлігін заңсыз деп таныды. Трамп бұл шешімді «аса әділетсіз» деп атап, АҚШ Жоғарғы сотына шағымданатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар инвесторларды Федералды резервтік жүйе төңірегіндегі жағдай алаңдатып отыр. Трамп ФРЖ-дағы негізгі тұлғалардың бірі Лиза Кукты қызметінен босатуды талап етіп отыр. Ал осы аптада Трамптың кандидаттарының бірі Стивен Миран Сенаттың банк комитетінде тыңдауға қатысуға тиіс.
«Бұған қоса, жұма күні Еңбек статистикасы бюросынан (BLS) еңбек нарығына қатысты жаңа деректер жарияланады. Айта кетейік, дәл осы бюроның басшысын Трамп бір ай бұрын қызметінен босатқан болатын. Ол шілде айындағы деректерге байланысты біліксіз деп айыпталған еді. Осының бәрі инвесторларды қатты толғандырып отыр. Қай бағытқа бет алу керектігі әзірге түсініксіз», – дейді ITS сарапшылары.
Жоғарыдағы факторларға сүйенсек, алдағы апта саяси-экономикалық жаңалықтардың ықпалымен күрделі әрі құбылмалығы жоғары болмақ.
Дегенмен, корпоративтік жаңалықтар да назардан тыс қалмайды. Инвесторлар технологиялық сектордағы алыптар – Salesforce (CRM) және Broadcom (AVGO) компанияларының кварталдық есептерін асыға күтіп отыр. Salesforce есебі сәрсенбі күні сауда аяқталғаннан кейін, ал Broadcom есебі бір күннен соң жарияланады.
«Бұл есептерге деген қызығушылықтың арту себебі – компаниялардың жасанды интеллект өнімдеріне бағытталған шығындары. Өткен аптада NVidia мен Dell нәтижелерінен кейін нарық ЖИ-ге кеткен шығындардан туындайтын теріс реакцияны айқын сезінді. Егер Salesforce пен Broadcom таяуда жақсы есеп көрсетіп, соған қарамастан акциялары теріс реакцияға тап болса, онда бұл үрдіс тенденцияға айналуы мүмкін. Ол өз кезегінде нарық үшін өте жағымсыз белгі болмақ», – дейді мамандар.