2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстан аумағында 130 төлем ұйымы тіркелген (алдыңғы жылмен салыстырғанда 24% өсім бар).
Төлем ұйымдары операцияларының көлемі қарқынды өсу динамикасын көрсетуде. 2023 жылы төлем ұйымдарының сервистері арқылы жүргізілген айналым 8 трлн теңге болды немесе 2022 жылмен салыстырғанда 26% артық.
Жекелеген төлем ұйымдарында төлем қызметі бойынша айналымдардың шоғырланғаны байқалады. Мысалы, төлем нарығында жұмыс істейтін төлем ұйымдарының арасында 15 төлем ұйымы елеулі үлеске ие (айналымның 80%-дан астамы).
2023 жылы орындалған операциялардың көлемі бойынша ең көп өсім клиенттердің мобильді құрылғы мен интернет-ресурстар арқылы жүргізген операцияларынан көрінді. Өткен жылы мобильді құрылғылар мен интернет-ресурстар арқылы 4 870 млрд теңгеге осындай 515 млн операция жүргізілген (2022 жылмен салыстырғанда өсім – 1,5 есе).
Төлем ұйымдары қолма-қол ақшаны қабылдауға байланысты 2 200 млрд теңгеге 192 млн операция жүргізді (2022 жылмен салыстырғанда 10,9% өсім).
Электрондық ақшамен жасалатын операциялар да артқан. 2023 жылы 596,8 млрд теңгеге операциялар жүргізілді (2022 жылмен салыстырғанда 16,0% өсім).
Төлем ұйымдарын Қазақстан Республикасының аумақтарына қарай бөлгенде: төлем ұйымдары санының 88,7%-ы (116 бірлік) Алматыға, одан кейін 8,1%-ы (10 бірлік) Астанаға, 2,4%-ы (3 бірлік) Қарағандыға, сондай-ақ 0,8%-ы (1) Рудныйға тиесілі.
2023 жылы Ұлттық Банктің бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру аясында:
- Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген негіздерге сай (дұрыс мәлімет бермеу, заңнама талаптарын жүйелі түрде бұзу, төлем қызметін көрсетуді жүзеге асырмау және т. б.) төлем ұйымдары тізілімінен 12 төлем ұйымы алынды;
- төлем ұйымдарына қатысты 144 шектеулі ықпал ету шарасы қабылданды (есеп нысандарын уақытылы ұсынбау, қате есептік мәліметтер ұсыну, қызметтердің (өнімдердің) тәуекелдерге ұшырау дәрежесіне жыл сайын бағалау жүргізбеу және т.б.). Қабылданған ықпал ету шаралары жөніндегі ақпаратты Ұлттық Банктің интернет-ресурсынан алуға болады;
- 11 төлем ұйымына есептілікті ұсыну бөлігінде заңнама талаптарын, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін 33 млн теңгеден астам сомада айыппұл салынды.