Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Конституцияға дауыс беруді референдум арқылы өткізуді ұсынды. Ол бұл шешімді енгізілетін түзетулердің саны көп болуы мүмкін екенімен түсіндірді. 

«Заң шығарушы органға шынымен білікті әрі тәжірибелі мамандар келуі керек. Біздің мақсатымыз – кәсіби парламент құру. (...) Барлық мәселені арнайы жұмыс тобы мұқият зерделейді. Реформа бойынша басқа да ұсыныстар бар, олар егжей-тегжейлі пысықталып, кейін жарияланады. Бұл маңызды тақырып бойынша менің де бірқатар ұсынысым бар», – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, парламент құрылымына қатысты қазірдің өзінде көптеген ұсыныс түскен. Кейбір қазақстандықтардың пікірінше, депутаттар саны халық санына пропорционалды болуға тиіс. Бұл жағдайда екі палатадағы 148 адамның орнына, бір палатада 200 депутат болады. Алайда, Тоқаев мұндай ұсыныспен келіспейді.

«Парламенттік реформа – бұл екі палатаны жай ғана механикалық біріктіру емес. Мен депутаттар санын шектен тыс көбейту орынсыз деп есептеймін. Керісінше, парламент жұмысын оңтайландыру және жетілдіру қажет», – деді президент.

Сонымен қатар Президент бір палаталы парламентте президенттік квота болмайтынын атап өтті. Барлық депутат бірыңғай тәртіппен сайланады. 

«Осы арқылы біз президенттік басқару нысанын сақтай отырып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын нығайтамыз», – деп қосты Тоқаев.

Айта кетсек, Тоқаев Жолдауда 2027 жылы Сенатты жойып, бір палаталы Парламент құруға референдум өтетінін айтқан еді

Сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев аудан әкімдерін сайлау жүйесінің артықшылықтары мен кемшіліктерін мұқият саралауды тапсырды. Бұл туралы ол ауыл әкімдеріне арналған диалог-платформасында сөйлеген сөзінде айтты.