ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Kaspi Alaqan-ның қаржы ұйымдарына қойылатын ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растады. Сонымен қатар, аккредиттелген зертханалар желілік инфрақұрылымның қауіпсіздігі, ақпараттық қауіпсіздік, қолжетімділік, тұтастық және құпиялылық, сондай-ақ Kaspi Alaqan-ның басқа да маңызды элементтері бойынша кешенді сынақтар өткізді.
«Kaspi Alaqan бірқатар сынақтан өтіп, сарапшылардан жоғары баға алды. Бізге сенім артқан барлық клиентімізге рахмет – сіздер бізді осындай керемет инновацияларды жасауға жігерлендіресіздер!», — деп жазды Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзе.
Алақанмен төлеу — идентификациялаудың ең қауіпсіз әдістерінің бірі. Бұл технология АҚШ, Қытай және Жапония сияқты бірқатар елде қолданылып келеді.
Ломтадзенің жазуынша, Kaspi Alaqan-ды пайдаланған кезде салыстыру жүйеге қосылу кезінде жасалған жеке шифрланған цифрлық кодыңызбен өтеді, себебі әр адамның алақанының құрылымы бірегей болып келеді.
«Kaspi Alaqan — Kaspi.kz командасы Қазақстанда әзірлеген инновациялық төлем сервисі. Сатып алуды төлеу үшін алақаныңызды терминалға жақындатсаңыз жеткілікті. Алғашқы Kaspi Alaqan терминалдары биыл Алматыда, ал келесі жылы бүкіл Қазақстан бойынша пайда болады», — деп жазды Ломтадзе.
Айта кетсек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова Kaspi Alaqan технологиясына қатысты пікір білдіріп, мемлекет тексеруінен өтпеген жағдайда мұндай өнімге тыйым салынуы мүмкін екенін айтқан еді.