Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда халықаралық әуе хабтарын құру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады..

«Еліміздегі ең ірі алты әуежайдың аумағында арнайы экономикалық аймақтар ашу туралы шешім қабылдап жатырмыз», — деген Бектенов қай әуежайлар екенін нақтыламады.

Оның айтуынша, әуе хабтары халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуы керек. Инфрақұрылымды дамытуға және жүк тасымалдаушыларға жағдай жасауға басты назар аударылады.

Әуе хабтарын дамыту мақсатында, Көлік министрлігінің мәліметінше, АЭА ашудан басқа, бірқатар басқа да шаралар қарастырылған. Олардың қатарында кедендік рәсімдерді жеңілдету, жүк авиатасымалдаушысын құру, жанармаймен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жаңғырту бар. Алты әуе хабын жаңғыртуға 2,1 млрд доллар тарту жоспарлануда.

Премьер-министр мультимодальды тасымалдауды жақсартудың және жерүсті инфрақұрылымын жаңартудың, соның ішінде әуе тораптарын автомобиль және темір жолдарға қосудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстанда авиациялық оқиғалардың алдын алу ведомствосы құрылады.

«Халықаралық тәжірибеде авиациялық оқиғалардың алдын алу бойынша тексерулер мен шараларды жеке агенттік жүргізеді. Алайда, министрлік заңнамаға қажетті түзетулер енгізу бойынша шаралар қабылдау жұмыстарын кейінге қалдыруда. Бұл жұмысты жеделдетуді бұйырамын. Бұл қызмет биыл іске қосылуы керек», — деді Олжас Бектенов.