Жоғары пайыздық мөлшерлеме, салық жүктемесінің өсуі және сұр импорттың бәсекелестігі Қазақстандағы ұйымдасқан бөлшек сауда мен орта бизнесті өте қиын жағдайда қалдырып отыр. Бұл туралы Freedom Holding Corp. компаниясының СЕО-сы әрі мажоритарлық акционері Тимур Турлов мәлімдеді.

Оның пікірінше, жоғары базалық мөлшерлеменің әсері әсіресе қызметі нарықағы несиелерге тәуелді компаниялар арасында корпоративтік сегментте, бірінші кезекте — саудагерлерде қатты сезіледі. 

«Саудагерлер бойынша, дәлірек айтсақ, бөлшек сауданы несие есебінен қаржыландырғандарда цугцванг туындап отыр. Оларға мөлшерлемені төлеу объективті түрде өте қымбат. Олар мұны өз маржаларына сәйкесінше аудара алмайды», – деді Турлов.

Ол сондай-ақ, жағдайды адал бөлшек сауда мен салық төлемей тауар әкелетіндер арасындағы күшейіп келе жатқан бәсекелестіктің де қиындата түсетінін айтты.

Турлов 2026 жылдан бастап ұйымдасқан бөлшек сауда қазіргі 12%-дың орнына 16% ҚҚС төлейтінін, сонымен қатар табыс салығын және еңбекақы төлеу қорына салықты төлеуді жалғастыратынын еске салды. Бұл ретте жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін шағын бизнестің бір бөлігі мұндай салық қысымынан аулақ болады.

«Олар импортты дәл солай тасымалдайтын және бұл 16%-ды мүлдем төлемейтін кәсіпкерлермен бәсекеге түседі», – деді Турлов.

Ол мұның бірте-бірте ірі ұйымдасқан бөлшек сауданың жойылуына әкелетінін айтты. Оның сөзінше, бағасы төмен онлайн-сауданың тез өсуі аясында көптеген желі бәсекелестікке төтеп бере алмайды.

Турлов қазіргі уақытта орта бизнеске әсіресе қиын екенін, өйткені шығындар инфляциядан тезірек өсіп жатқанын айтты. Бұл ретте бұрын корпоративтік несие есебінен маржиналдылықты өтеген ірі ойыншыларда да проблемалар бар. Оның бақылауынша, келесі жылдың басында салықтардың өсуіне және сұр нарықтың үстемдігінің жалғасуына байланысты ірі бөлшек саудаға түсетін қысым күшейеді. Мысал ретінде Турлов смартфондар бойынша статистиканы келтірді.

«Елге барлық iPhone-дардың 70-80%-ын шағын бизнес әкеледі... Ал сіз көріп жүрген барлық ірі желілер 20-30%-ын әкеледі және осыдан ҚҚС төлейді», – деді ол.

Турлов шағын бизнесті қорғау керек екенін, алайда жеңілдетілген режимдер сұр импортты айналдыру құралына айналмауға тиіс екенін баса айтты.

«Бізде осылай жұмыс істемеуге тиіс біртүрлі теңгерімсіздіктер бар. Яғни, біз сұр нарықты әкелу үшін шағын және орта бизнестің жеңілдіктерін пайдаланбауымыз керек», – деп сөзін қорытындылады Турлов.