ҚР ҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының міндетін атқарушы О. Көбенбаев 2021 ж. II тоқсанында несиелеу бойынша банктер арасындағы сауалнама нәтижелері туралы айтты. 

Несиелік ресурстарға сұраныс пен ұсыныстың негізгі үрдістері жайлы банктер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша 2021 жылдың II тоқсанында шағын бизнес тарапынан несиеге деген сұраныс  өсіп келеді. Несие өтінімдерінің басым бөлігі жеке кәсіпкерлер тарапынан көбіне мемлекеттік бағдарламаларға қатыспайтын банктерге келіп түсті. 2021 жылдың II тоқсанында шағын бизнес тарапынан түскен өтінімдердің жалпы саны I тоқсанмен салыстырғанда 29%-ға өсіп, 155 мыңды құрады.

Ірі банктерде несиеге деген сұраныс[1] ірі бизнес тарапынан төмендегенімен, банктердің көпшілігі орта бизнесте сұраныс артқанын атап өтті. Ірі және орта бизнес тарапынан түскен несие өтінімдерінің саны тоқсан ішінде жалпы айтқанда 9%-ға 1,3 мыңға дейін өсті.

Банктердің бизнесті несиелеуге дайындығы артты. Кәсіпкерліктің ірі және орта сегментіндегі мақұлдау коэффициенттері өсіп, өткен тоқсандағы 55% және 57%-бен салыстырғанда, тиісінше 62% және 76%-ды құрады. Алайда мемлекеттік бағдарламаларға қатысушы банктерге шағын бизнес тарапынан түскен несие өтінімдердің мақұлдау үлесі 24%-ды құрап, өткен тоқсандағы 31%-дан және 2020 жылдың IV тоқсанындағы 76%-дан төмендеді.

III тоқсанда банктер кәсіпкерліктің барлық сегменті тарапынан сұраныс артады деп күтеді, бұл ретте банктер несиелеу талаптарын өзгертуді жоспарламайды.

2021 жылдың II тоқсанында ипотекалық несиелеуге деген сұраныстың артуы – «Баспана хит» бағдарламасы бойынша бөлінген лимиттерді игерудің аяқталғаны туралы хабарландырумен және халықтың тұрғын үй сатып алу немесе жөндеу мақсатында зейнетақы жинақтарын қолдану бағдарламасына деген қызығушылығының жалғасуымен байланысты. Ипотекалық несиелер бойынша өтінімдер саны 30%-ға өсіп, 97 мыңды құрады, ал мақұлдау үлесі II тоқсанда 74%-дан 78%-ға дейін ұлғайды.

Респонденттердің ақпараты бойынша, маркетингтік акциялар өткізу және пайыздық мөлшерлемелердің өзгеруі тұтынушылық кепілсіз несиелер мен автонесие бойынша сұраныстың өсуіне оң әсер етті. Есептік тоқсанда олар бойынша өтінімдер саны 31%-ға және 11%-ға өсті, ал мақұлдау үлесі тиісінше 47%-ды және 14%-ды құрады. Сонымен қатар, жекелеген банктердегі клиенттердің төлем қабілеттілігіне қойылған жоғары талаптар кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық несиелерге деген сұранысты біршама азайтты.

Банктердің бөлшек несиелер беруге дайындығы бұрынғы қалпында қалды. Сонымен қатар, тұтынушылық несие шартында сыйақы мөлшерлемесінің төмендеуі, несие өтеудегі ең ұзақ мерзімнің ұлғаюы және пайыздық мөлшерлемеге қатысы жоқ комиссиялардың төмендеуі байқалды.

Келесі тоқсанда жеке банктер өз өнімдері бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетуді жоспарлап отыр және, сәйкесінше, ипотекалық несиелендіруге деген сұраныстың артуын күтеді.

2021 жылдың II тоқсанында несиелеу бойынша банктер арасында жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейдегі 21 банк қатысты. Ұлттық Банк мұндай сауалнаманы несиелік ресурстарға деген сұраныс пен ұсыныстағы өзгерістерді бағалау үшін тоқсан сайын жүргізеді.