Ұлттық банктің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Көбенбаев 2023 жылдың төртінші тоқсанындағы несиелеу бойынша банктерге жүргізілген сауалнаманың нәтижелері туралы айтты.
Төртінші тоқсанның қорытындысы бойынша жеке тұлғалардың несиелеріне сұраныс индексі ипотекалық несиелерді қоспағанда, бөлшек несиелеудің барлық өнімдері бойынша аздап өсті.
Ипотекалық несиелерге сұраныстың төмендеуі негізінен ірі банктерде несиелеудің кейбір шарттарының қатайтуымен және нарық өнімдерін маркетингтік жылжыту қарқынының бәсеңдеуімен байланысты болды. Нәтижесінде несие алуға өтініштер саны бір тоқсанда 15% азайып, 215 мыңға дейін төмендеді.
Банктер кепілдендірілген тұтынушылық несиелерге сұраныстың шамалы өскенін атап өтеді. Бұл, олардың пікірінше, балдық үлгіні енгізу және өтінімді қарау процедурасын жетілдірумен байланысты. Нәтижесінде несие алуға өтініштер саны бір тоқсанда 15% өсіп, 36 мыңды құрады.
Есептік тоқсанда тұтынушылық кепілсіз несиелерге сұраныстың артуы өтініштерді өңдеуді жақсартудың және өткен тоқсандардағы онлайн өнімдер үлесін арттырудың нәтижесі. Төртінші тоқсанда банктер өз өнімдерін қайта қараған жоқ. Несие алуға өтінімдер саны 21,1 млн-ды құрады, бұл үшінші тоқсанмен салыстырғанда 10% артық.
Автонесиеге сұраныстың оң динамикасының жалғасуы осы сегменттегі қатысушы банктер санының одан әрі ұлғаюымен, серіктестер тізімінің кеңеюімен, сәйкесінше нарық үшін автосалондар субсидиялайтын өнімдермен түсіндіріледі. Нәтижесінде автонесие алуға түскен өтініштер бір тоқсанда 16% өсіп, 923 мыңға жетті.
2024 жылдың бірінші тоқсанында банктер ипотекалық несиелер мен автонесиелерге сұраныстың аздап төмендеуін күтуде, ал тұтынушылық несиелерге сұраныс, олардың пікірінше, сақталады.