IPO аясында ҚазМұнайГаз 30 миллионнан астам жай акцияларды орналастыруды жоспарлап отыр. Бір акцияның бағасы 8 406 теңгені құрайды. Бұл туралы бірлескен баспасөз брифингінде «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» ҰК өкілдері мәлімдеді.
Шара барысында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев ҚазМұнайГаздың шығарылған және орналастырылған акцияларының 90,42%-ына иелік ететін қор 30 миллионға дейін жай акцияларды сатуға ұсынатынын, бұл шығарылған жалпы акция санының 5%-ы екенін айтты.
«Жай акцияның бағасы шамамен 5,1 трлн теңге капитал құнын есептегенде 8 406 теңгені құрайды. Инвесторлардың өтінімдерін қабылдау биыл 9 қарашасында басталып, институционалдық инвесторлар үшін 2022 жылдың 30 қарашасында, ал бөлшек инвесторлар үшін 2022 жылдың 2 желтоқсанында аяқталады», - деп толықтырды қор басшысы.
Оның айтуынша, тапсырыс қабылдағанда жеке инвесторларға басымдық беріледі.
Сонымен қатар, қор басшысы алдағы үш жылда дивиденд көлемі 200-250 млрд теңге аралығында болатынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚазМұнайГаз акцияларын сатып алу туралы бірнеше материалдар сериясын ұсынған едік.
Ұлттық компанияның акциялары Астана халықаралық қаржы орталығының AIX биржасында сатылады.
«AIX сауда қызметінің 4 жылында біз шетелдік және жергілікті инвесторлар өздерін жайлы сезінетін әлемдік деңгейдегі интеграцияланған капитал нарығын құрдық. Бізде ірі қазақстандық компаниялардың табысты IPO тәжірибесі бар. 2018 жылы листинг және «Қазатомөнеркәсіптің» келесі екі SPO нәтижесінде оның акциялары құнының өсімі 383% құрады. KASPI-ді екі рет орналастыру да өте сәтті болды-максималды өсім 252% құрады. AIX-те сауда жасау арқылы инвестор ашық, әділ және реттелген», дейді биржаның басқарма төрағасы Ренат Бектұров.
Оның айтуынша, AIX-те 30-ға жуық қазақстандық және шетелдік брокерлер тіркелген, олар арқылы IPO-ға қатысуға және биржада бағалы қағаздармен сауда жасауға болады.
«Біз еуропалық, америкалық, азиялық және қазақстандық есеп айырысу банктерімен жұмыс істейміз, бұл геосаяси жағдайға қарамастан AIX-тің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз-байлық деңгейіне және қаржылық сауаттылыққа қарамастан, Қазақстанның барлық азаматтарына биржада сауда жасауды жеңілдету. Сондықтан біз Tabys қосымшасына тікелей жазылу арқылы «ҚазМұнайГаз» IPO-ға қатысудың барынша қарапайым және жылдам әдісін әзірледік. Сізге тек смартфон, Интернетке қол жетімділік, жеке куәлік және банк картасы қажет. Бұл ретте тікелей жазылу үшін комиссия болмайды-тек транзакция үшін банктік төлем бар. Сондай-ақ, біз «Қазпошта» АҚ-мен интеграция жүргіздік, тікелей жазылуға өтінімді бүкіл Қазақстан бойынша 1000-нан астам бөлімше арқылы қалдыруға болады. Тікелей жазылым акцияларды бірден сатуды жоспарламайтындарға немесе брокерді таңдауға уақыт бөлетіндерге ыңғайлы», дейді Ренат Бектұров.