KASE валюта нарығындағы валюталық интервенция 16 қарашада басталды, содан бері Ұлттық банк осы мақсатта 1 млрд доллардан астам немесе Қазақстанның алтын-валюта қорының 2,5%-ын жұмсады. Бұл туралы 29 қарашада өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Төраға енді интервенцияның тоқтағанын айтты.

«Интервенцияны тоқтаттық және валюта бағамы қазіргі уақытта таза нарықтық факторлардың әсерінен қалыптасуда. Егер іргелі немесе нарықтық факторлардан тыс күрт өзгерістер, алыпсатарлық секірулер болмаса, валюта бағасына араласпаймыз. Біз мұны соңғы шара ретінде ғана жасаймыз», — деді Сүлейменов.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк соңғы рет 2022 жылдың мамыр айында интервенция жасаған. Бұған, спикердің айтуынша, Украинадағы соғыс салдарынан инфляцияның күрт өсуі мен валюта бағамының ауытқуы әсер етті. Ұлттық банк 2024 жылдың 16 қарашасы мен 28 қарашасы аралығында жүргізген интервенция соңғы 2,5 жылдағы алғашқы араласу болып отыр.

Ұлттық банк басшысы бағамға қор биржасында сауда жасайтын заңды тұлғалар әсер ететінін атап өтті. Ал жеке тұлғалардың айтарлықтай ықпалы болмады. Сүлейменов нарықтағы жағдайды да алыпсатарлық қысым деп санамайды.

«Бұл алыпсатарлық қысым емес, нарықтық қысым. Кеше 1 млрд-қа жуық доллар сатылды. Бұл қандай алыпсатарлық болуы мүмкін, кімде мұндай ақша бар? Сондықтан мұны барлық ойыншылар жасады деп айта аламыз – нақты сектор, қаржы секторы, яғни нарық жалпы долларды да, теңгені де осылай бағалады. Сондықтан мен алыпсатарлық демес едім. Бұл нарықтың тепе-теңдіктің жаңа деңгейін іздеуі», — деді ол.